Ауруханалар

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ІСІ
1910 ж. облыс бойынша қоныс аударушыларға арналған медицина пункттерін ашу қолға алынды. Біздің ауданда дәрігері және 3 фельдшері бар медициналық пункт Жиренқопа ауылында ашылды. Ал аудан орталығы Ново-Алексеевкада шағын аурухана қызмет көрсетеді. Аудандық архив деректерін сқйлетер болсақ, аудандық аурухана 1929 жылы ашылған. Оның ғимаратын салу үшін сол жылы Астрахановка аулындағы ағаштан тұрғызылған мектепті бұзып, құрылыс материалдарын пайдаланған. 1960 ж. аудандық аурухананы кеңейту үшін негізгі ғимаратқа саманнан қосымша бөлмелер салынады.
1930 жылы аудандық атқару комитетінің жанынан алғашқы рет аудандық денсаулық сақтау бөлімі ашылып, денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, екі фельдшер, шешекке қарсы егетін үш орта буын қызметкері алынып, штаттық құрамы бекітіледі.
1933 ж. аудан орталығында емдеу мекемелерінің құрамы кеңейтіліп, 20 орындық аудандық аурухана, бір емхана, үш кеңшарда және Бегалы ауылында төрт фельдшерлік-акушерлік пункт ашылып, тұрғындарға медициналық көмек көрсету ісі жақсара түседі. Осы жылы аудандық аурухананың штат кестесі бойынша 1 дәрігер, 2 мейірбике, 9 аяжан, 1 акушер және 4 фельдшер жұмыс істеген.
1934 жылы аудан орталығында дизенфекция пункті, безгек ауруына қарсы станция ашылды.
Архив деректері ауданда денсаулық сақтау саласы жылдар бойы дамып, әр уақыттарда бәрнеше денсаулық сақтау саласына қатысты мекемелер қатары көбейе түсті. 1945 жылы аудандық денсаулық сақтау бөлімінің №1 бұйрығына сәйкес, аудандық аурухана, аудандық амбулатория, әйелдер мен балаларға кеңес беру бөлімі, безгек ауруына қарсы пункт, үйде медициналық көмек көрсету нүктесі, мектеп мейірбикелерінің арнаулы орны жұмыс жасағаны осыған дәлел бола алады. Аудан орталығы ғана емес, аудан аумағындағы елді мекендерде де денсаулық сақтау мекемелері ашыла бастады. Мәселен, Жиренқопада, Жаңаталапта дәрігерлік учаскелер, Жарсайда, Бестауда, Құрсайда, Бегалыда медициналық пункттер, Ақырапта фельдшерлік акушерлік пункт ашылды. Осы мекемелерде З. Чабанова, А. Баева, С. Дерксен, М. Подолько, В.Нестеренко, А.Березан, Е.Асгатина, О. Толкунова сияқты білікті мамандар жұмыс істеді. Ауданда денсаулық сақтау ісіне қатысты талаптың күшеюінен тұрғындарға медициналық көмек көрсету қызметі едәуір жақсарып, қауіпті індеттердің тіркелуі азайған.
1950 ж. аудандық аурухана жанынан аурухананың материалдық базасын жақсартуға мүмкіндік туғызатын қосалқы шаруашылық бөлімі жұмыс істеп, ірі қара, жылқы ұстады.
Ал 1953 ж. аудандық денсаулық сақтау бөлімінің деректеріне сүйенсек, аудан орталығында 35 орындық аудандық аурухана және Жиренқопада, Калиновка, Астрахановка, Сарбұлақ ауылдарында учаскелік ауруханалар жұмыс істеді. Аудан бойынша жалғыз ұжымшар перзентханасы Қызылжар ауылында болды. Аудандық ауруханаға қызметке хирург, акушер-гинеколог, терапевт және рентгенолог дәрігерлер келді, бас дәрігер А. Клейнер ұжымды басқарды.
Ал аудандық безгек ауруына қарсы станцияда 16 медицина қызметкері жұмыс істеп, А. Новикова көп жылдар басқарып келген.
Аудан орталығындағы аудандық аурухананың қызмет көрсету мүмкіндігі молайып, 1955 жылдың соңында 90 керуеттік үлкен ауруханаға айналды.
Архивтік деректерге қарағанда аудандық аурухананы 1940-1955 жылдары басқарған Н. Коптева, В. Дергачев, В. Полкитар, М. Еременко, В. Ликифет, В. Гладкова, И. Харченко, А. Новикова сияқты дәрігерлер ауданның денсаулық сақтау саласына үлкен үлес қосқан.
1960 ж. ауданда дәріханалар, емхананың дәрігерлік қабылдау бөлмелері ашылып, орталық аудандық аурухана ғимараты кеңейтілді. Аудан орталығындағы 20 кереуеттік туберкулез бөлімін Қ. Мұғалов, Ж. Оразалин сияқты білікті дәрігерлер басқарып тұрды. Бірақ, 1970 жылдың соңында туберкулез бөлімі жабылып, науқастар облыс орталығында жаңадан ашылған туберкулез ауруханасына жіберілді. Осы жылдары орталық ауруханаға Л. Ермачкова, В. Марченко, В. Бородай, Т. Клезович басшылық етті. Хирург Жәңгірхан Әжігереев барлық жедел және жоспарлы операцияларды шұғыл жасап, халықтың құрметіне ие болды. Ауданда балалардың туу көрсеткіші өсіп, өлім көрсеткіштері едәуір азаяды.
1969 ж. жаңадан бас дәрігер болып Достан Сұлтанов келді.
1970-1980 жылдары ауданның денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлінеді. Емхана ғимараты кеңейтіліп, дәрігерлер бөлмелері қосылады. Жаңадан рентген аппарат алынып, флюороаппарат іске қосылды. Тіс дәрігері мен техник мамандар жұмысқа алынып, тісті емдеу мен протездеу бөлмелері ашылады. Зертханалық сараптау түрлерін (клиникалық, серологиялық, бактериалдық, паразиттологиялық) аудан орталығында жасау мүмкіндігі туды.
Осы жылдары ауданның медицина саласына қызметке келген жас мамандарға тұрғын үй беріліп, аудан басшылығы тарапынан материалдық жағдайды шешуге мүмкіндік берілді. Ә. Шегреев, Ж. Оразалин, Т. Шәріпов, С. Нұрқұлышов, Н. Нұржанова, Н. Үдербаев, А. Әлиева, Л. Сейдуллаева, С. Меринов, В. Меринова, Т. Бисенғазина, Т. Анишевская, Н. Самбаев, З. Әбірешова, Ж. Байбосынова, Н, Макенов, М. Шаймұханбетова. Е. Сүлейманов, С. Абилов, К. Абилова, Ж. Жантекенов, Б. Абашова, Н. Камелова, У. Таженова, Д. Ниеталин, Б. Балманова, Д. Төлешов, Қ. Төлешова, Д. Ізбасарова, Ұ. Ізбасарова, Сычева Т.Т. сияқты дәрігер-мамандар келіп, ауданның денсаулық сақтау саласының кадр мәселесі шешілді.
Еңбек жолын Қобдадан бастаған медицина саласына еңбек сіңіргендер де жоқ емес. Осы қатардан Батыс Қазақстан медицина академиясының доценті, ҚСР денсаулық сақтау ісінің үздігі, облыстың бас неврологі А. Нұркеевті, медицина ғылымының докторы, профессор, БҚМА ғылыми қызметкері Қ. Абилованы, профессор, медицина ғылымының кандидаты, медицина академиясының ғылыми қызметкері Л. Сейдуллаеваны, облыстық СПИД орталығында 10 жылдай қызмет істеген ҚССР-ның денсаулық сақтау ісінің үздігі А. Шегреевті, хирург, ҚСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, облыстық «Қызыл ай» қоғамының төрағасы Н. Үдербаевты, медицина ғылымының кандидаты. БҚМА доценті Н. Әкімжановты, қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, жоғары санатты дәрігер Н. Макеновты айтуға болады.
Аудандық орталық ауруханада 30 жылдан артық уақыт бас есепші болып И. Навозенко, аға мейірбике болып Л. Федоренко жұмыс істеді.
1976 жылы ауданда 7 аурухана (1орталық, 6 учаскелік), 25 ФАП, аудандық екінші дәрежелі СЭС, дизенфекция бөлімі және 6 дәріхана тұрғындарға қызмет көрсетіп тұрды. Дәріханалар кейбір дәрі-дәрмектерді өздері дайындап, емханаларды қамтамасыз етті. №18 аудандық орталық аурухана дәріханасын ұзақ жылдар бойы (1972-1995) КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі Ақшыбық Арықова басқарды. Алайда, 1990 ж. кейінгі экономикалық құлдырау кезінде 5 дәріхана жабылып, біреуі жекешелендірілген. Қазіргі уақытта аудан орталығында «Абу-Қали», «Желдорфармация» дәріханалары және аурухана жанында бір дәріхана жұмыс істейді.
1970-1980 жылдар аралығында ауылдардағы учаскелік ауруханалар жаңа көліктер алды. Осы 10 жылдықта аудандық ауруханаға қызметке жолдамамен келген жас мамандардың бірігуімен орталық аурухананың жанынан үлкен көркемөнерпаздар үйірмесі құрылып, барлық мерекелерде аудандық, ауылдық мәдениет ошақтарында концерттер беріп, автоклубпен ауданның елді мекендерін аралап жүрді.
1977 ж. Исатай ауданының ашылуына байланысты жас мамандардың кейбіреуі орталығы болған Ақырап ауылына қоныс аударды. 1979 ж. Қобда ауданының орталығынан жаңадан типтік жобадағы 175 орынға бейімделген орталық аурухана ғимаратының құрылысы басталды. Ондай ғимарат ол кезде кеңестер одағы бойынша Украинаның Донецк қаласында және біздің Қобда ауданында салынды. Құрылыс жобасының жалпы сметалық құны 2 млн. 718 мың 720 сом болатын. Соның ішінде, медициналық құрал-жабдықтарға 313 мың 700 сом бөлінді. Аурухана 40000 шаршы метр. Жаңа аурухананың бас корпусы, жұқпалы аурулар бөлімшесі, емханасы, шаруашылық корпусы, жылу беру мен автогараж корпустары, хлорлау мен оттегі бөлімдері болды. Орталықтандырылған су жүйесімен, канализациямен, 10 мың ваттық трансформатормен, жылу жүйесімен қамтатамасыз етілген.
Жаңа аурухана ашылғаннан соң ауданның барлық елді-мекендерінен және көршілес Ойыл ауданынан тексерілуге, емделуге келушілер саны көбейіп, 1986 жылы ауруханаға қосымша 25 орын беріліп, кереует саны 200-ді құрады. Емхана жанынан қан құю бөлімі ашылып, аурухана қан және қанның басқа да құрамдарымен өзін толық қамтамасыз етіп тұрды.
Осы жылдары аурухананаға жаңа “Газ-66” жылжымалы емханалық лабороториясы алынып, елді мекендердегі тұрғындар қажетті зертханалық тексерулерден өтіп тұрды.
1986 ж. қазан айында Бегалы дәрігерлік амбулаториясы ашылған. Орталық ауруханада жыл сайын облыстық деңгейдегі семинарлар, конференциялар, ауданаралық мәжілістер, облыстық денсаулық сақтау басқармасының нұсқауларымен ана мен бала денсаулығына, тәжірибе алмасуға қатысты жиындар өткізіліп, аурухананың жетістіктері мен кемшіліктері кеңінен айтылды. Сол уақытта ауданда 306 медицина қызметкері болған. Оның ішінде Б. Отарбаев, Н. Медеубаев, З. Отарбаева, А. Бисенғазина, А. Сетенова, Б. Әжмұратов, Ж. Жакиев, Н. Мамаева, С. Ізтілеуов, У. Умирбекова, З. Тоқсанова, А. Ишниязов, М. Тұрдалин, С. Маденова, Т. Середа, Т. Краснощекова, В. Клейман, С. Лященко, Б. Омарова, О. Образцов, Н. Образцова, Н. Будникова, С. Головков, С. Уайсова, Ж. Жакиев, И.Седова, Т. Нұржанов, Т. Нұржанова, А.Кемалов, Ж. Жөнербаев, Г. Жөнербаева, Е. Сүлейманов ауданға еңбегі сіңген азаматтар.
1987 жылы емханаға алғаш рет УЗИ аппараты орнатылды, жаңадан флюороаппарат, көптеген физиотерапииялық қондырғылар, стационарлық дезинфекция камерасы, лабораториялық құрал-жабдықтар жаңадан алынды. Аурухана бөлімдеріне ішкі телефон байланысы жүргізіліп, науқастарға арналған 2 телефон кабинасы орнатылды. «Жедел жәрдем» мен барлық санитарлық бөлімдерге болгарлық «ЛЕН» рация жүйесі тартылды. Орталық аурухана, учаскелік ауруханалар және барлық дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік акушерлік пункттер құрал-жабдықтармен, санитарлық көлікпен толық қамтамасыз етілді. Жыл сайын медицина саласына жұмысқа келетін жас мамандардың жағдайын жасау мақсатында аудан орталығында жаңадан салынған екі қабатты 18 пәтерлік үйдің 11 пәтері медицина қызметкерлеріне берілді.
1988 жылдың 9 шілдесінде Қазақ КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының Жарлығымен Исатай ауданы жабылып, қайтадан Қобда ауданына қосылды. Осы өзгеріс ауданның денсаулық сақтау саласына да әсерін тигізді. Ақырап ауылындағы бұрынғы орталық аурухана аудандық №1 ауруханаға айналды.
1990-2000 жылдар аралығында жалпы республикадағыдай ауданның медицина саласында қиындықтар мен бұрын күтпеген өзгерістер болды. 1996 ж. міндетті медициналық қамсыздандыру енгізілді. Оған Ж. Жөнербаев, Т. Шәріпов басшылық етті.
Экономикадағы тұрақсыздық, ғылым мен әдістемелік байланыстың үзілуі, кадрлар ауысуы денсаулық сақтау жүйесінің дамуын және келешегін қиындатты. Қаржы тапшылығынан, мамандардың тұрақсыздығы, мекемелердің ескіріп жөндеу көрмеуінен, кадрлардың қысқаруынан ауылдық ауруханалар дәрігерлік амбулаторияға айналып, қысқартулар орын ала бастады. Жұмыстан босаған көптеген мамандар сауда-саттықпен айналысып, қалаға көшті. Орталық аудандық аурухана териториялық медициналық ұжымға (ТМҰ) айналып, емхана территориялық емхана бірлестігі (ТЕБ) болды. Қобда ТМҰ басшысы 1997- 2000 жылдар аралығында 6 рет алмасты. Жұқпалы аурулар бөлімі, шаруашылық бөлімі, гараждар, негізгі ғимараттың оң жақ бөлігінің толық үшінші қабаты жабылады. Көптеген бөлімдерге жөндеу жұмыстары жүргізілмей тоза бастайды.
1999 жылы облыста ауданның денсаулық сақтау бөлімдері ашылды, штаты белгіленді. Ол барлық аудандардағы емдеу мекемелерін басқаратын мекемеге айналды. Ауданда ол мекеменің басшысы болып дәрігер-хирург Н. Медеубаев тағайындалды.
2003-2004 жылдардан бастап елдің экономикалық жағдайының жақсаруымен бірге ауданның денсаулық сақтау саласы бесігін түзеді. Қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі жөнге келтіріліп, мемлекеттік қаржыландыру молайды, аурухана ақылы көмек көрсету арқылы табыс көзін ұлғайтты.
2003 жылы орталық аудандық аурухана қазыналық коммуналдық кәсіпорын болып құрылды. Көптен бері жөндеу көремеген аудандық аурухана ғимараты 2004 ж. облыстық бөджеттен 24 млн. теңге бөлініп, жабылып қалған аурухана бөлімшелері қайта іске қосылды. Медициналық құрал-жабдықтар алынып, дәрі-дәрмек мәселелері шешіле бастады. Ауыл-аймақтағы медицина ошақтарының жұмыстары реттеліп, жаңадан автокөліктер алынды.
2005 ж. орталық аудандық ауруханаға 20 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, бұрынғы жұқпалы аурулар ғимараты қайтадан іске қосылды. Орталық ауруханаға диогностика мен емдеудің осы заманға сай стационарлық флюорография-рентген «Флю-Арком» апараты, жылжымалы «Арман-6» флюроаппараты, дуаденоскоп, өкпе тыныс аппараты, 5 каналдық кереуеттік монитор, жаңа туған нәрестені бақылайтын монитор, «Алока» УЗИ аппараты, биохимиялық анализатор, дефибриллятор ДФР-2, қан анализаторы, дезинфекция камерасы, электроэнцефолограф, фибробронхскоп, фиброскроскоп, нәресте инкубаторы сатып алынды. 2005 ж. Жарық, Ортақ, Бегалы, Ақырап ауылдарындағы медицина ошақтарының ғимараттары жөнделді. 2007 ж. Жиренқопа дәрігерлік амбулаториясы салынды. Бұлақта, Егіндібұлақта медпункт ашылды. Емдеу мекемелеріне 7 «жедел жәрдем» көлігі алынды. 30 дәрігер, 63 мейірбике Ақтөбе, Алматы қалаларында білімін жетілдірді. Аудан басшылығы тарапынан 3 медицина қызметкеріне баспана берілді.
2009 ж. аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бос тұрған 3 қабатты ғимарат қайтадан пайдалануға берілді.
«Жедел коронарлық синдром. Жедел жүрек инфаркты»
31 мамыр күні Қобда аудандық орталық ауруханасында облыстық денсаулық сақтау департаментінің бас кардиологы Ж.К.Лепесова «Жедел коронарлық синдром. Жіті миокард инфарктісі» » тақырыбында семинар өткізді. Семинарға Қобда аудандық орталық ауруханасының медициналық қызметкерлері қатысты. Семинар барысында жүрек қан тамыр жүйесі аурулары, соның ішінде Жедел коронарлық синдром (ЖКС), Жедел жүрек инфаркты (ЖЖИ) сияқты ауруларды алдын алуды, анықтауды және емдеуді, олар туындаған жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсіндіріп өтті. Анықталған жағдайда, уақыт өткізбей тез арада облыстық тері астылық енгізуге жіберу керектігін баса айтты. Түсіндіріп өткен ақпараттарын пысықтау мақсатында дәрігерлерге сұрақ-жауап, ЭКГ-ны дұрыс оқуды көрсетті.
«ҚР Туберкулезге қарсы көмек көрсету стандарты»
10 маусым күні Қобда аудандық орталық ауруханасында Облыстық туберкулезге қарсы диспансерлік клиникасының үйлестірушісі Даутов Е.Б басшылығымен 2016 жылғы 2-ақпандағы №77 бұйрығы бойынша «ҚР Туберкулезге қарсы көмек көрсету стандарты» тақырыбында оқыту семинар-тренингі өтті.
Семинарға Қобда аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибелік дәрігерлері, арнайы дәрігер мамандары мен медбикелері қатысты.
Тақырып бойынша нормативті-құқықтық құжаттармен таныстырып өтті. Денсаулық сақтау министрлігінің 2014 жылғы 22 тамыздағы №19 бұйрығын орындау мақсатында тікелей бақыланатын емдеу және қақырықты жинауға жауапты медбикелер оқытылып, аттестатталды
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай медицина қызметкерлер күніне арналған спорттық іс-шара»
Қобда ауданында ақ халатты абзал жандар мерекесіне байланысты 14 маусым күні дәрігерлер арасында спорт кешенінде спартакиада өтті. Жарыстың мақсаты – мекеме қызметкерлері арасында дене шынықтыру мен спортты дамыту арқылы, саламатты өмір салтын насихаттау. Ойын басталар алдында спортшыларымыз денелерін шынықтырып, іс-қимылдарын ширатып алып, сап түзеді. Спартакиаданы бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасары Жакиев Жолдыбек ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Спорттың қай түрі болса да, жанкүйерсіз болмады. Қатысушылар 3 топқа бөлінді: 1. Емхана 2. Жедел жәрдем 3. Стационар.Жарыс түрлері мынадай кезеңдерден тұрды:• Эстафеталық жарыс кезінде дәрігерлердің төзімділікке, жылдамдыққа бейімдеу мақсатында мынадай сайыстар ұйымдастырылды: носилкамен науқастарды тасу, инемен қанды сорып алып науқасқа құю, науқасқа алғашқы көмек көрсету, аса қауіпті инфекция обаға қарсы киімді қалай тез кию керектігін пысықтау және т.б. • Волейбол ойыны • Теннис ойыны ұйымдастырылды. Жарыс нәтижесінде жинаған ұпайларын есептеп, ұтқан команда анықталды. Қатысқан командалар марапатталды.