Балабақшалар

Қобда ауданы бойынша
мектепке дейінгі мекеме құрылысын салу туралы
Ақтөбе облысы бойынша атқарылып жатқан «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында жерлесіміз, қазіргі таңда «Алтын қыран» ЖШС бас директоры Исламбек Салжанов бастамасымен Қобда ауылынан 150 орындық балабақша құрылысын салу үшін 250,0 млн. теңге қаржы бөлді.Балабақша құрылысының құймасы (фундамент) ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланса, нысанның пайдалануға берілу уақыты 2013 жылғы 1 маусым – балаларды қорғау күні қарсаңына жоспарланып отыр.
Ақтөбе облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің идеясы негізінде қолға алынған «Көркейе бер, туған жер!» акциясы өңірдің әлеуетін көтерген үлкен бастама болды. Кәсіпкерліктің әр саласында жетістікке жеткен азаматтар ауылға бет бұрып, жерлестерінің өтініштеріне құлақ салды. Соның нәтижесінде 3 жылға жоспарланған акция аясында облыстың бірқатар ауылдары жоғы түгенделіп, еңсе тіктеді. Оған Қобда ауданының орталығы — Қобда ауылында ашылған 150 орындық «Нұрлы болашақ» балабақшасы дәлел болды.
Мемлекет пен бизнес сектордың арасындағы ынтымақтың, серіктестіктің еліміз бойынша озық үлгісі деп танылған заманауи балабақшаны ауданға Қобда өңірінің түлегі, «Алтын қыран» компаниялар тобының Бас директоры Исламбек Салжанов сыйға тартты.
Балабақшаның тұсаукесер рәсіміне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Елеусін Сағындықов, Серік Нөгербеков, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Әбдірахманов, «Central Asia monitor» республикалық газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин қатысты. Сонымен қатар салтанатты шараға белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлері, республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдері шақырылған.
Өткен жылы наурыз айында «Көркейе бер, туған жер!» акциясы басталғаннан-ақ облыс аудандарының әкімдері ауылдан жырақта жемісті еңбек етіп жүрген кәсіпкер жерлестерінің басын қосып, туған жерді көркейтуге шақырды. Қобдалықтардың орталықтан жаңа балабақша тұрғызу туралы тілегін жеткізген аудан басшысы Асқар Жүсібалиевтің ұсынысын құп көрген «Алтын қыран» компаниялар тобының Бас директоры Исламбек Салжанов Қобдаға келіп, тұрғындармен, ақсақалдар алқасымен кездесті. Қобданың орталық көшесінің бойынан құрылысын бастамақ болып, өңірде баламасы жоқ 150 орындық зәулім балабақшаның жобасын ала келді. Сөйтіп Қобдада іргесі қаланғаннан бастап жылға жуық уақыттың ішінде «Нұрлы болашақ» балабақшасы бой көтерді. Қазір 150 балаға шақталған балабақшада негізінен 8 топ жұмыс істейді.
Қобдалықтардың көзайымына айналған көрікті балабақшаның ашылу салтанатында сөз алған қонақтардың бәрі де «бұл туған өлке алдындағы перзенттік парызды өтеудің озық үлгісі» деген баға беріп, ауыл ақсақалдары алғыс айтамыз.
Бұл — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтуға бағытталған тапсырмасын орындауға қосылған қомақты үлес. Туған жеріне жақсылық жасаудан аянбаған азамат Исламбек Салжанов заман талабына сай балабақшаны аудан тұрғындарының игілігі үшін сыйға тартқаны біз үшін үлкен қуаныш
«Алтын қыран» компаниялар тобының 400 млн. теңгеден астам қаражатына салынған құрылыс инфрақұрылым желілерімен толық жарақтандырылып, балаларды қабылдауға жүз пайыз дайын күйінде аудандық әкімдікке тегін тапсырылып отыр. Балабақша «Монтессори» элементтері бар әдістеме және «Даналық әліппесі», «E-bloks» арнайы тәрбие беру-оқыту бағдарламалары бойынша жабдықталған. Сөйлейтін қалам «Зерек» балаларға және келген қонақтарға ертегі оқып, ән айтып берді. Ересек топтардағы әр баланың алдындағы ipad интернет арқылы мультфильмдер көріп, ертегі тыңдауға мүмкіндік береді. Қызылды-жасылды әсем залдарда би үйірмесі, ән сабағы, спорттық ойындар алаңы, интерактивті тақта орналасқан. Екі қабаттағы бөлмелердің бәрі де баланың көзқарасын қалыптастыруға, танымдық ойындар өткізуге, денесін шынықтыруға, бір сөзбен айтқанда, баланы дамытуға арналған құралдармен, оқулықтармен толық жабдықталған. Сонымен қатар балдырғандарды Отанды сүюге тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүр мен мәдени құндылықтарымызды сіңіру мақсатында оқытушылар мен тәрбиешілер арнайы даярлықтан өткен екен. Осы заманның талабына сай салынған балабақшада тек үздіктер ғана жұмыс істеуі үшін олар арнайы талап бойынша сынақ арқылы қабылданған. Балабақшада балалар Елбасының білім беру саласының жаңалығы ретінде енген «үш тұғырлы тіл» саясатына сәйкес, қазақ тіліне қоса ағылшын, орыс тілдерін де үйренеді.
Жақсыны көрмекке аудан тұрғындары ризашылығында шек болмады. Бәрі де туған жеріне қызмет қылған Исламбек Салжановқа алғыс айтуда.
Алғыс білдіруші Қобда ауданның ақсақалдар кеңесі