Туризм

ТАЙМАНОВ Исатай (1791 ж.т. -12.07.1838ж.)-Бөкей ордасындағы патшаның отарлау саясатына қарсы бағытталған көтерілістің (1836-1937) басшысы. Кіші жүз Байұлының Беріш руынан, Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы. Бөкейхан И.Т. – ты 1812 ж. Жайықтағы Беріш руына старшын етіп тағайындаған.1814 ж. 25 қарашада Орынбор шекара комиссиясы осы орынға бекітіп, басқаруындағы руларға Каспий теңізінің жағалауынан (Кокаревск мен Кулпинск кордондарының аралығы) қоныс белгілеп берген. 1817, 1828ж. И.Т. жала жабылып түрмеде жатып шығады. Ақталып шыққаннан кейін Жәңгір ханның тапсыруы бойынша 1826ж. 29 қарашада Петербургтен қайтып келе жатқан Бұхар елшісін сарайшық бекінісінде қарсы алып, Бөкей Ордасында онымен бірге болды. И.Т. қанаудан, зорлық- зомбылықтан, жоқшылықтан ашынған халықтың наразылығы мен толқуларын (1818-19, 1827-29) көріп өсті, сөйтіп патшаның отарлау саясатына қарсы күресу керек деген қорытындыға келді. 1833ж. Жәңгір хан Каспий жағалауындағы руларды екіге бөліп, бір жағын қайын атасы ірі жер иеленуші Қарауылқожаның билігіне береді. Оған тиым салуды ханнан батыл талап етті, өзі хан әкімдеріне бағынудан бас тартты. 17 наурызда Қарауылқожа хан бұйрығы бойынша 500-дей қолмен И.Т.-ты ұстауға шықты. И.Т. оған қарсы 200 қолмен аттанды. Олардың батылдығынан сескенген Қарауылқожа кейін қайтуға мәжбүр болды. И.Т. (1836ж. Шілдеде) 17 адаммен ел талабын ханға білдіруге бара жатқанда жол жөнекей 100 шақты адам келіп қосылды. И.Т.1836,1837ж.11шілдеде Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовскийге, 1837ж. 2 қарашада ханға жазған шағым хаттарында «Қара халыққа» жасалған қиянаттарды атап көрсетті.Оған біраз рулардың адамдары) 300, кейде 600қол қойды. Тексеру жүргізілгенмен кейін талаптары ескерусіз қалды. Сонан соң ол шаруаларды қарулы көтеріліске бағыттады. 1836 ж. аяғында Каспий теңізінің солт. жағалауындағы халық Қарауылқожа мен Балқы биге бағынудан бас тартты. 1837 ж. қазан айына дейін Адай, Беріш, Байбақты, Ысық, Жалпас, т.б. рулардан мыңнан астам үй Исатайдың қол астына көшіп келді. 1837ж. 3500 –дей қол жинап, ашық көтеріліске шықты да, екі жұмаға жуық хан ордасын қамауға алды. Бұл көтерілісті 1837ж. 15 қарашада Геке басқарған 1200-дей патша әскерлері басып тастады. Осы соғыста И.Таймановтың баласы әйелімен қаза тапты. Күш тең болмағандықтан И.Тайманов, М.Өтемісұлы, т.б.сенімді 40 жолдасымен қарулы тосқауылды бұзып, Оралдан өтіп кетті. И.Тайманов кіші жүзден екі мыңдай қол жинап, Хиуа ханның көмегін күтіп жүрген Қайыпқалимен уақытша табысты. Ол тек өзінің қолын нығайтып, жауды жеңу үшін осындай келісімге келді. 1838 ж. И.Тайманов Баймұхамед сұлтанның ордасына шабуыл жасамақшы болды. И.Тайманов осы шайқаста Ақбұлақ өзенінің бойында ішкі-сыртқы жаудың қоршауында қалып, қаза тапты (1838ж. 12 шілде). Мүрдесі Қобда ауд. Шейітсай деген жерде жерленген.
Әдеб.: Қазақ КСР тарихы, Іт.,А., 1957 Савичев Н., И.Тайманов-старшина.
Внутренней орды «Уральские воисковые ведомости», 1876, № 42-51, 1877.
№ 1, Русско-казахские отношения, Т.2, А-А., 1967, Тюменцев Б.,
Знамя восстания, «Социалистическая Алма-Ата», 1938, № 275. ҚКЭ. Т.5., Алматы. 1974, 101-б. ШЕЙІТСАЙ қорымы, ИСАТАЙ батыр бейітіҚобда ауданы орталығынан солтүстік бтысқа қарай 70 км қашықтықта. Исатай-Махамбет көтерілісінің 1838 жылы соңғы шайқасы өткен жер. Көтерілісшілердің қаза болғандары жерленген осы жердегі көлемді қорым Шейітсай деп аталады. Мұнда Исатай батыр мен оның ұлы Оспан жерленген.
« ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР » мемориалдық кешені — 2007 ж. Жиренқопа ауылында ашылды. Мемориалдық кешен орнында ежелден Қобыланды батырдың бейіті болған. Батырдың Жиренқопада жерленгені туралы ел аузында аңыз-әңгімелер көп болғанымен, жазбаша сақталған нақты деректер жоқ. 1906 ж. Қобда-Елек бойын зерттеген орыс ғалымы В.В.Карлсон Орынбор басшылығына «Елек қорғанынан Ойыл бағытында 40 км. жерде Ешкіқырған суының Қобда өзеніне құяр тұсында құлап үйінділері ғана қалған Қобыланды батырдың мазары бар», деп есеп берген. 1960-1970 ж.ж. батыр мазарының орнындағы үйінді адамның тізесінен келетіндей болған. 1969 ж. ғалымдар Н. Шаяхметов, С. Балмұханов археологиялық зерттеу жұмыстарын бастап, батырдың бас сүйегін қазып алып кеткен. Белгісіз себептермен зерттеу жұмысы тоқтап, сүйек кейін қайтарылмаған. Соңғы жылдары белгілі қаламгерлер Ә. Кекілбаев пен А. Жағанова келіп бейітті, обаларды, Жиренкөлді, Ешкіқырған суын көріп, батыр баба жөніндегі әңгімені өрбіте түсті. Жергілікті тұрғындар батырдың сүйегін қайтару туралы өтініш айтты. 1996 ж. келген мемлекет қайраткері И. Тасмағамбетовтың қаржысына ауыл тұрғындары қабір орнын шынжырмен қоршап, екі үлкен белгітас қойды.
2004 ж. облыс басшысы Е. Сағындықовтың бағыттауымен батыр бейітінің орны ҚР «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізіліп, ғылыми тұрғыдан зерттеуге алынды. 2004-2005 ж.ж. жүргізілген археологиялық жұмыстар кезінде бейіт орнында ені 8м. 90см., биіктігі 11м. 60см., жарының қалыңдығы 1 м. үлкен мазар болғаны анықталды. Батыс бұрышында 5-6 қатар қаланған кірпіші сақталған. Кірпіштің құрамы оның XIV-XV ғ. жататыны анық болды. Сол орыннан батырдың сүйектері табылып, тағы да екі адам жерленгені анықталды. Н. Шаяхметов алып кеткен батырдың бас сүйегі мен қазба жұмыстары кезінде табылған қалған сүйектердің академик О. Ысмағұлов, А. Ысмағұлова зерттеу нәтижесінде сәйкестілігі дәлелденді. 2006 ж. Қобыланды батыр сүйегі Жиренқопаға қайта жерленді.
2007 ж. батыр моласының орнына айшығымен қоса есептегенде биіктігі 16м. 89см., диаметрі 16м. пішіні дулыға тектес кесене салынды, аумағына түнде жарық беретін прожекторлар орнатылып, 3 мың ш/м көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Кесенеге апаратын жолдың бойына биіктігі 2м. пирамида тәріздес 20 балбал тас, ішіне шырақ қойылды. Қордай тауының гранитінен гравюралық өрнектері қашалып жасалған салмағы 2 т., биіктігі 1,5м. қойтас қойылды. Бұл композиция Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен алынған. Шырағданды 8 барыстың бейнесі қоршап тұр. Ортасындағы шар жерді бейнелейді, үстінде самұрық құстың мүсіні бар. Алматыда ұсталар қолдан соққан үш найза мен қалқан әкелінді. Ол үш жүздің бірлігін білдіреді. Ресейлік альпинистер төбесіне күмбез орнатты. Кесене күмбезінің ішкі жағы өрнектеле шеңберленіп, киіз үйдің шаңырағын еске түсіреді. Есігіне аяттарды араб қаріпімен сәулетші Б. Ыбраев жазды. Батыр бейітінен табылған екі мәйіт те қайта жерленіп, төрт құлақты зират тұрғызылды, мәрмәр тас қойылды. Кесенені қалаған кірпіш Ресейден алынды, едені өрнектелген граниттен төселді. Кесене жанынан сыртқы пішіні садаққа ұқсайтын ғимарат салынды. Онда батырға арналған «Даңқ бөлмесі» жасақталды, 1996 ж. орнатылған 2 белгітас, 2006 ж. қайта жерлеу кезіндегі құлпытас, аңыз бойынша батыр найзасын қайраған қайрақ тас деп аталып кеткен көне меңгір қойылды. Кешен құрылысының авторы — Шығыс елдерінің халықаралық сәулетшілер академиясының академигі, ҚР еңбегі сіңген сәулетші Бек Ыбыраев. Құрылысын облыстық құрылыс департаментінің директоры Б. Пірімбетов басқарды, «Интер-Стиль» ЖШС құрылысшылары салды. 243 млн. 900 теңге облыстық бюджеттен бөлінді. Халыққа тұрақты қызмет көрсетіп тұруы үшін 10 жұмысшысы бар арнайы «Қобыланды мемориалдық кешені» — мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын ашылды.
Ұлы Қобда өзенінің алқабындағы Абат-Байтақ кесенесі.
ХІҮ-ХҮғ.ғ.. Батыс Қазақстандағы бірегей халықтық сәулет өнері ескерткіші Абат-Байтақ Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бесқопа ауылының шығысында 12 шақырым жерде орналасқан. Ескерткішті ХӀХ ғасырда И.А.Қастанье, ХХ ғасырдың 50-70 жылдарында белгілі зерттеуші М.Меңдіқұлов зерттеп, шамамен ХӀӀӀ ғасырдың бас кезеңі, Алтын Орда дәуіріне дейінгі қыпшақ ұлысының Хорезммен тығыз байланыста болған уақытта салынған күмбезді-шатырлы мавзолей деп келді. 1979 жылы С.Е.Әжғали басқарған экспедиция ескерткіштің салыну мерзіміне де, қалып-пішіміне де тың толықтырулар еңгізді. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, ескерткіш белгілі пәлсапашы Асан қайғының баласы Абат батырға арнап салынған. С.Әжіғали зерттеулері мавзолейдің қасбеті/портал/болғандығын және ХӀҮ-ХҮ ғасырларға жататындығын дәлелдеді. Ал Абат-Байтақ кешені маңындағы бірнеше ондаған ортағасырлық археологиялық қорғандар, соңғы ғасырлардағы 200-дей құлпытастар өз зерттеулерін күтіп тұр. Абат-Байтақ кешенін, мавзолейді қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу 2004-2006жылдарға арналған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына еңгізіліп,күрделі жөндеуден өтті.
АБАТ БАЙТАҚ кесенесі-14 ғ-дың соңы мен 15 ғ-дың бас кезінде салынған сәулет өнері ескерткіші. Халқымыздың тамаша сәулет өнері болғанын дәлелдейтін құнды дүние. Ол маңызы зор, барша қазақ халқына ортақ жәдігер болып саналады. Талдысай ауылынан оңт-ке қарай 12 км. қашықтықта, Қобда өзенінің аңғарындағы қорымда (Абат-Байтақ) орналасқан. Аңыз бойынша кесене атақты ойшыл Асан қайғы жыраудың (15ғ) осы Бесқопа жазығында кенеттен қайтыс болған баласы Абат батырға арналып салынған деседі. Абат батыр-Асан қайғы заманында қалмақтың ханы Шарышханның қолымен соғысқан. Абат батыр туралы Асан қайғы халықты көшіре бастағанда өзі қаусаған шал екен, оның көшке ілесуге де шамасы болмапты. Бұл міндетті батыр, жырау Қазтуған мен баласы Абатқа жүктеген деген аңыз бар. Сұңқария биігі туралы аңыз да осы Абат батырдың есіміне байланысты. Абат атып, құс тірі құлаған, сол биікті ел Сұңқария деп атаған. Абат қол бастап, қалмақты ел асыра қуып, Нұра бойын еліне қоныс еткен. «Байтақ» сөзі кесенеге байланысты парсының «паиет ахт» яғни тақтың етегі деген сөзінен туған деген де болжамдар кездеседі. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша ескерткіштің астыңғы жағы 12 ғасырда үсті 14 ғасырда салынған делінеді. Ескерткіш жөніндегі ең алғаш деректер 18 ғасырдағы орыс оқымыстысы Рычковтың еңбектерінде берілген. 1790 жылы поручик-инженер Ригельман Қарасу өзенінің Ұлы Қобдаға құяр тұсындағы ескерткіштер жөнінде «Орынбор қаласынан 150 верста жерде пирамидаларға ұқсас тас ескерткіштердің бар екендігін айтады. Сол тұстағы қырғыздардың (қазақтардың) Ригельманға айтуынша бұл қорымдар Астана деп аталған. Мұнда белгілі, ақсүйек адамдар жерленген. Оның ішінде Байтақ деген де кісі болған дейді. Көнеде осы арада қала болған делінеді. Содан кейінгі деректер Я.Я. Полфёровтың «Тургайская газета» газетіндегі 1896 жылдың №6 нөмеріндегі мақаласында беріледі. Мақалада негізінен нақты мәліметтер көрсетілмей аңыздар жөнінде айтылады. Ғалым М.Меңдіқұловтың салыстырмалы сараптамасы бойынша Абат-Байтақ кесенесі Сығанақ қаласы жанындағы қорым мен Ресейдің Челябі облысындағы Кесене қорымдарындағы ескерткіштерге сәйкестендіріледі. Абат-Байтақ осы өңірдегі көнеден сақталған шатырлы-күмбезді мазарлардың бірегейі. Сәулетшінің түпкі ойы-жоғары қарай ұмтыла орнатылған ғимаратты көрсету болып табылады. Сәулетші-шебер үш құрамдас бөліктен тұратын ескерткіштің жербауырлаған тұрқы мен биік 11 қырлы дөңгелек барабанды аласарту үшін шар тәрізді күмбезді бірте-бірте ұлғайта иіп биіктету арқылы ойлаған мақсатына жеткен. Бірақ құрылыстың архит. құрылымы оның төрелерге тән екенін байқатады. Кесене үстінде 11 қырлы тұғырға орнатылған шошақ күмбез бар. Ал негізгі тұрқы төрт бұрышты. Тұрқының сыртқы ауд. 9,52х 9,8м. Кесененің сақталған биіктігі 14,5 м, бастапқы биікт.16 м. Өңделмеген кірпіштен қаланып, ішкі жағы балшықпен сыланған, сыртқы жағы күйдірілген кірпішпен қапталған. А-Б к. қалыпты қос күмбезді шатырлы құрылыстар тобына жатады және кейбір әдебиеттерде көрсетілгендей центрик емес, порталды-күмбезді кесене. Оның ішкі құрылымы да төртбұрышты жобада салынған. 8 және 16 қырлы өрімдердің біртіндеп күмбез ішіне қарай көтерілуі көрер көзге жеңілдік әкеледі. Бөлмесінің батыс және шығыс қабырғаларында аркалық ойықтар бар. Күмбездің айшықты бедерлері сыртқы дөңгелектің қырларындағы терезе орнындағы қос-қос ойықтың сатыларымен айқындалады. Күмбез тұғырының сырты мен ойлықтарын оймыштап әсемдеген. А-Б к. сәулет нақышы жағынан Хорезмдік кесенелер мен 12 ғ.-дың соңы 16 ғ-дың бас кезіндегі Арслан, Текеш, Көк-кесене, ескерткіштеріне ұқсайды. Елбасы жариялаған «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес, мәдени, ұлттық рухани мұраларды сақтап қалу, оларды тиімді пайдалану және дамыту мәселесі мемлекет тарапынан үлкен маңызға ие болған болатын. Осы бағдарлама аясында республиканың барлық аймағында ескерткіш-кесенелер қалпына келтіріліп, көне жұмыстар қалпына келтіру қарқынды және нәтижелі жүргізілді. Бағдарламаға сәйкес, (2004-2005) 35 тарихи, мәдени сәулет және археологиялық ескерткіштер қайта жаңғыртылды. Олардың ішінде біздің өлкедегі А-Б к. де кірген болатын. (2006) қазан айының 13-күні «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта жаңғыртылған А-Б к. тұсаукесері болды. А-Б к. қайта жаңғырту жұмыстарымен айналысқан «Қазақстан жаңғырту» кәсіпорнының Түркістан филиалы. Қобдада арнайы кірпіш шығаратын зауыт салынып, іске қосу үшін облыстық бюджеттен 304 миллион теңге бөлініп, ал қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін 29 миллион теңге қаржы қарастырылды. А-Б к. орналасқан қорымда әр түрлі үлгімен, ою-өрнектермен салынған құлпытастар көп. Күмбездің батыс жағында кейінгі дәуірдегі қорымда (18-20) 200 дей мұқият кесілген текше тас-құлыптастардың тұтас жиынтығы бар. Құлыптастар әртүрлілігімен, пішін-бедерлерінің ерекшелігімен, тас қашау өнеріндегі нәзіктігімен таң қалдырады. Ескерткіштердің негізгі көпшілігінде араб таңбасымен жазылған қазақша сөздер, ру таңбалары бар. Жазу-таңбалардың үлкен тарихи-этнографиялық мәні бар. Құлпытастардың көпшілігі ақ және ақсұр әк тастан қашалған. Бәрінің биікт. 1,2-2,0м аралығында. Олардан 18-19 ғ-дағы қазақ шеберлерінің қолтаңбасын байқауға болады. Құлпытастардың көбіне қаза болған кісі аттары, қысқаша өмірбаяндары араб әрпімен жазылған, ішінара ру таңбалары салынған. Олар үлгілерінің әртүрлілігімен, композициялық шешімдерінің өзгешелігімен және сәндік-ою өрнектерінің молдығымен ерекшеленеді. Ағаш ою дәстүрінде безендірілген құлпытастар ерекше назар аудартады. Сонымен бірге өсімдік (гүл, ағаш, жапырақ, т.б) өрнегі кеңінен қолданылған. Жазулар қорымда қазақ халқының табын, кете, байбақты, шекті, т.б. руларының өкілдері жерленгенін көрсетеді. Толық мәліметтер бойынша А-Б к. 5-6 шақырымдай бері де, Ұлықобда өзенінің бергі бетіндегі Талдысайда қорғандар бар. 2005 жылғы археологтартардың қазба жұмыстары нәтижесінде алтынмен әшекейленген ер-тұрманмен бірге жерленген сарбаз табылды. Ал өзеннің арғы жағында 14-15 ғасырда шығыр орнатылған қоныстың орны шықты. Мұның бәрі облыстық бюджеттің күшімен жүзеге асты. А-Б қорымындағы тағы бір жәдігер Қыз әулие мазары туралы ешқандай деректер жоқ, зерттелмей тұр. Абат Байтақ қорымы-құнды сәулет өнері ескерткіші. Қорым жөнінде алғаш рет 20-ғ-дың басында Орынбор архив комиссиясының мүшесі, ғалым И.А.Кастанье мәлімет берген.