Жұмыс берушінің жауапкершілігі

БЖЗҚ электрондық қызметтері
23.01.2018 жыл.
«БЖЗҚ» АҚ алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – тұрғындарға әлемдік стандарттарға сәйкес сапалы зейнетақы қызметін көрсету. Қор зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында әрбір азаматқа зейнетақы қызметіне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету стратегиясын алдына мақсат етіп қойып отыр. Ал оған жету үшін тікелей, қашықтықтан және өзіне-өзі қызмет көрсету жүйелерін дамыту қажет.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа жыл сайынғы Жолдауында сандық технологияларды ендіру, инновациялық даму және қарқынды технологиялық жаңғырудың ел экономикасы үшін маңызды екендігін атап өткен болатын.
«БЖЗҚ» АҚ көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру және жаңғырту жолында салымшылар мен алушыларға жаңа, заманауи қызметтерді ұсынады. Айта кету керек, бұл қызметтер уақыт шығындап Қорға келіп, қағаз құжаттарды толтырудан құтқарады.
БЖЗҚ 2017 жылдың 30 маусымынан бастап www.enpf.kz сайтының «Жеке кабинет» және «Электрондық қызмет көрсету» бөлімінде мынадай сервистерді іске қосты. Олар:
¾ міндетті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде өтініш беру;
¾ зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш беру;
¾ берілген өтініштердің орындалу мәртебесін қадағалау.
Ескере кеткен жөн, зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішті зейнеткерлік жасқа толған азаматтар мен мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген, 1-ші және 2-ші топтардағы мүгедектігі бар адамдар ғана жолдай алады.
Өткен жылдың үшінші тоқсанынан бастап тағы да жаңа сервистер іске қосылды. Оларды атап өтер болсақ, салымшының (алушының) жеке деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және зейнетақы жинақтарының жай-күйі бойынша хабарлау тәсілін өзгерту туралы қызметтер.
Міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу және зейнеткерлік жасқа толу немесе 1,2 топтардағы мүгедектіктің мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау жөніндегі өтініш беру рәсімі бірнеше минутты ғана алады.
Осылайша, Қор онлайн тәртібінде салымшының жинақтаушы зейнетақы жүйесінде болған бүкіл кезеңі барысында – жеке зейнетақы шотын ашқаннан бастап зейнетақы төлемдерін алғанға дейін оған ілеспе қызмет көрсетеді. Осы электрондық қызметтер іске қосылған сәттен бастап алты ай ішінде көптеген салымшылар мен алушылар Қор кеңселеріне келмей-ақ қашықтықтан барлық маңызды операцияларды жүзеге асырды.
Атап көрсетер болсақ, 2018 жылдың 1 қаңтарына қарай салымшылар мен алушылар тарапынан жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде – 250, ал зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде – 48 электрондық өтініш келіп түскен. Сондай-ақ 1 181 адам жеке деректемелеріне өзгерістер енгізсе, шамамен 500 салымшы (алушы) зейнетақы шоты бойынша ақпарат алу тәсілін интернет байланысы арқылы алуға ауыстырған.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басты міндеттерінің бірі – сапалы консультативтік қызмет көрсету және Қордың салымшылары мен алушылары үшін ақпараттық байланыс арналарын дамыту.
БЖЗҚ филиалдық желісінің қызметкерлері 2017 жылы кәсіпорындар мен ұйымдарда 18 мыңнан астам көшпелі таныстырылымдық шаралар өткізді. Оларға 556 мыңнан астам адам қатысты. «БЖЗҚ» АҚ филиалдары салымшылар мен алушыларға қызмет көрсету бойынша автоматтандырылған ақпараттық жүйеде 6,3 миллионға жуық операцияны жүзеге асырған.
2017 жылдың наурыз айынан бастап Қордың сайтында «Төрайымның блогы» арнасы жұмыс істей бастады. Сол арқылы тұтынушылар Қордың Басқарма төрайымына тікелей сұрақ қоя алады.
Одан басқа, Қордың байланыс орталығының 1418 телефон нөмірі, Қордың корпоративтік сайтының «Кері байланыс», «Онлайн-чат» нысандары, сондай-ақ Қордың әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы Қорға хабарласуға болады.
Зейнетақы Қоры барлық салымшылар мен алушылар үшін ашық және қолжетімді. Қордың орталық аппаратына өтініштер қағаз жүзінде де келіп түседі. Сонымен қатар «Пікірлер мен ұсыныстар» кітабына пікірлер мен ұсыныстар қалдыруға болады.
Қордың ресми сайтында өткен жылы маусым айында іске қосылған көптеген сервистерді 2018 жылы Қазақстан Республикасының электрондық үкімет және Қордың ұялы қосымшасы арқылы қолжетімді ету жоспарланып отыр.
16.01.2018 ж.
Қарттық шақ қазыналы болсын десеңіз...
Адам баласы негізі мектеп жасына дейін және зейнеткерлікке шыққаннан кейін еркіндеу өмір сүреді екен. Одан басқа кезең әрине қарбалас тірлікке толы: мектепке барады, университетте оқиды, жұмыс істейді. Енді мектеп қабырғасында көңіл сүйген өнермен айналысуға мүмкіндік бар (спорт, музыка, би, сурет салу) деп айтуға болады. Студенттік жылдары да сүйікті ісіңмен айналысуға уақыт табылады. Бірақ, жұмыста басқа тірлікке мойын бұруға уақыт табу қиын. Адам бұл кезеңде өзі үшін емес, әйелі, бала-шағасы үшін өмір сүреді. Сананы тұрмыс билейді: «Үй салсам екен, сол үйде бала-шағам аман болып, қарындары тоқ, уайымдары жоқ болып, қатарынан қалмай өмір сүрсе екен», - деп тілейсің. Оның үстіне ата-анаңды, туған-туыстарыңды, дос-жарандарыңды, әріптестеріңді ұмытуға болмайды. Абыройыңды сақтай отырып, барлығымен лайықты қарым-қатынас жасағың келеді. Қолыңнан келсе, қамқор болуға, қолдау көрсетуге дайынсың. Ал өзіңе қарауға, тіпті уақтысында лайықты емделіп алуға да уақыт табылмай жатады. Бітпейтін күнделікті қу тіршілік өзіңді ұмыттырып жібереді... Ал демалыс күндері жаның қалайтын іспен айналысуға уақыт анда-санда табылса табылар, табылмаса ол да жоқ. Осылай өмір шіркін «Сіз бен бізге білінбей» өте береді, өте береді. Сөйтіп жүргенде шашқа ақ кіреді, бел ауырып, балтыр сыздай бастайды... Ал көңілдегі армандар қол жетпес сағымдай болып қала береді.
«Сонда адам тек бала кезіңде және зейнет жасыңда ғана емін-еркін демалып, қалаған ісімен айналыса алады екен ғой» деген ой келеді. Тек бұл жерде баланың ата-анасы мен ата-әжесі тұрғанда ақшаның қайдан келетінімен ісі болмайды. Ал зейнет жасында сүйікті іспен айналысуға уақыт табылғанымен, оған ақша табыла қояр ма екен? Белгілі орыс жазушысы Валентин Катаевтың «Кішкентай сыбызғы мен құмыра» деп аталатын ертегісін білесіз бе? Онда сиқыршы кішкентай қызға сыбызғы сыйлайды. Сол сыбызғыда ойнасаң, алаңқайда жапырақтардың астына жасырынған жидектердің барлығы көрінеді. Оларды еш қиналмай жинауға болады. Бірақ, жинауға ыдыс жоқ. Сонда жеткіншек қыз сиқыршыға өтініш жасайды. Сиқыршы сыбызғының орнына кішкентай құмыра береді. Қыз қуанып, алаңқайға жүгіріп шығады. Бірақ, жидектер сыбызғының әуені естілмеген соң көрінбейді. Мінеки, өмірде де солай, сыбызғы болса, құмыра жоқ, құмыра болса сыбызғы жоқ. «Әттең тонның келтесі-ай»! Жұмыс істеп жүрген кезде ақша бар, бірақ уақыт жетпейді, зейнетіңде уақыт бар, бірақ, қалтаң таяз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: зейнеткерлікке шығып, қазыналы, қалталы қарт болып жүру үшін, сүйікті ісіңе қысылмай ақша жұмсау үшін ерте бастан қамданып, болашаққа қор жинаған абзал. Қаншалықты көп жинасаңыз, зейнет жасында алар зейнетақы да қомақты бола түседі. Яғни, «Не ексең, соны орасың». Әрине, қалта қалың болса, спортпен айналысуға, немерелерді ертіп, концерт, театрға баруға болады. Шипажайға барып демалуға, ел аралауға мүмкіндік табылады. Жастық шақта тартқан бейнеттің қартайғанда зейнетін көру үшін болашақты бүгіннен жоспарлап, құрметті демалысқа қаржы жинаңыз. «Тарта жесең тай қалар, тартпай жесең не қалар!?», - деп ата-бабамыз бекерге айтпаса керек-ті. Демек, зейнетақы шотыңыз тұрақты түрде жарналармен толығып тұрса, ол - қамсыз қарттығыңыздың кепілі! Бұл үшін ерікті зейнетақы жарналарының да тигізер септігі зор. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, ерте бастан қамданып, болашағының іргесін бүгіннен бастап қалауға кіріскен жанның болашағы да жарқын бола түсері сөзсіз!
Еңбек жолын жаңадан бастап келе жатқан жас мамандардың көпшілігі зейнетақыға қатысты мәселеге бас қатырып жатпайтыны рас. Бұл туралы сұрай қалсаң: «Қайдағы зейнетақы, не айтып тұрсыз?», - дейтіні сөзсіз. Өйткені олар үшін бүкіл өмір алда ғой!
Бірақ, өмір заңы бар емес пе, аға ұрпақ секілді біз де өсеміз, есейеміз және қартаямыз.
Иә, мойын бұрып қарағанша, қамшының сабындай өмірде зейнеткерлік жасқа жетіп қалғаныңды білмей де қаласың...
Бәрін айт та бірін айт, қазіргі таңда азаматтар болашақ зейнетақысы туралы жас кезінен бастап ойлануы керек. Бұл заман талабы.
Дегенмен бұл туралы қоғамда әр түрлі пікірлер бар. Біреулер: «Мені үкімет асырайды, далада қалдырмайды», - деп ойласа, басқалар: «Дүниені балаларыңа жина, солардың біліміне жұмса. Сонда олар жақсы білім алады, жақсы қызметке тұрады. Сөйтіп ата-анасын да асырай алады», - дейді.
Ал енді біреулер тек өзіне ғана сенеді, жалақыларын конвертсіз, ашық түрде алады. Міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты түрде төлейді. Тіпті ерікті зейнетақы жарналарын да төлеуді ойластырады.
Қазіргі таңда зейнетақы жүйесінің құрылымы үш мүдделі тарапты – мемлекетті, жұмыс берушіні және жұмыскерді біріктіреді.
Мемлекет зейнетақы жүйесін реформалап, оған жинақтаушы құрамдауышты қоса отырып, азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға шақырады.
Бұл жүйеде салымшы өзінің бүкіл еңбек жолында міндетті зейнетақы жарналары есебінен қанша қаржы жинаса, зейнеткерлік жасқа толғанда сонша қаржы алады. Бұл ретте оның жинағына зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңі бойынша инвестициялық табыс есептеліп отырады. Егер зейнетақы жинағының жалпы сомасы инфляция деңгейінен төмен болатын болса айырма сомасы республикалық бюджеттен біржолғы төлем ретінде зейнеткерлік жасқа толған алушының банк шотына аударылады.
Бұл ретте қаржы жинақтауда салымшыға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Егер ол ресми түрде жұмыс істеп, міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұратын болса, онда оның зейнетақы төлемдерінің мөлшері біріншіден:
1) оның зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына;
2) жүйеге енгізілген зейнетақы жарналарының саны мен сомасына; 3) жинақталған инвестициялық табысқа және
4) айлық табыстың өсу қарқынына тәуелді болады.
Мемлекет ешкімді ескерусіз қалдырмайды. Керісінше олардың қамын ойлайды. Яғни, республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады және инфляция деңгейін ескере отырып зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді.
Сонымен қатар жұмыс берушіге де үлкен жауапкершілік жүктелген. Ол міндетті зейнетақы жарналарын дер кезінде және толық көлемде аударып отыруы тиіс. Ал 2020 жылдан бастап өз қаражаты есебінен жұмыскерінің пайдасына жалақысының 5 пайызын оның шартты зейнетақы шотына аударуға міндеттенеді.
«Қазақстан Республикасында зейнетақмен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес жұмыс берушілер салымшының зейнетақы шотына міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. Міндетті зейнетақы жарналары жұмыскердің айлық табысының 10 пайызын құрайды. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды және оларды жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына төлейді. Міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және аудару тәртібі мен мерзімі жоғарыда аталған Заңмен реттеледі.
МЗЖ және МКЗЖ дер кезінде төлеу – жұмыс берушінің өз жұмыскерлері үшін әлеуметтік жауапкершілігі ғана емес, сонымен қатар заңнама талабы.
Жұмыс берушілер уақтылы ұстап қалмаған (есебіне жазбаған) және (немесе) аудармаған МЗЖ және МКЗЖ сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе оларды мерзімін өткізіп алған әрбір күнге (Мемлекеттік корпорацияға төлейтін күнді қоса алғанда) қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде есебіне жазылған өсімпұлмен бірге жұмыскерлерінің пайдасына агенттер аударуға тиіс.
Сондықтан БЖЗҚ азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының жай-күйін және жұмыс беруші аударатын жарналардың дер кезінде, тұрақты және толыққанды аударылуын жеке зейнетақы шотынан алынатын үзінді-көшірме арқылы бақылап отыруға кеңес береді.
Үзінді-көшірмені алудың бірнеше тәсілі бар. Олар:
Қор кеңсесіне өзі келу, электрондық және дәстүрлі пошта байланысы, Қордың сайты немесе «ENPF» ұялы қосымшасы, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен egov.kz электрондық үкіметі арқылы алу.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне шартты-жинақтаушы құрамдауыш, яғни жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Бұл үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жұмыскерлердің атына шартты зейнетақы шоттары ашылады. Оларға барлық жұмыс берушілер еңбек жағдайына қарамастан өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына олардың айлық табысының 5 пайызын жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары ретінде аударатын болады. Бұл жарналардың артықшылығы сол, шартты зейнетақы шотындағы қаржы таусылып қалса да, бұл жарналардың есебінен зейнетақы төлемдері зейнеткерге өмір бойына төленеді. Бірақ, бұл үшін шартты зейнетақы шотына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары 5 жыл, яғни кемінде 60 ай тұрақты түрде аударылуы тиіс. Шартты зейнетақы шотына аударылатын жарналар жыл сайын капиталданады және қаржы құралдарына инвестицияланады.
Алғашқы жарналар 2020 жылдан бастап енгізіле бастайды. Ал алғашқы төлемдер сәйкесінше 2025 жылдан бастап төленеді.
Егер міндетті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шоттарына кәдімгі ақшалай қаражат жинақталатын болса, шартты зейнетақы шоттарына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары тек белгіленіп отырады, яғни тіркеледі. Бұл шоттағы зейнетақы жинақтары жұмыскердің меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды: егер салымшы (алушы) жүйеден шығатын болса оның шартты зейнетақы шотындағы қаражат басқа қатысушылар арасында үлестірілетін болады.
Осылайша, зейнетақы жүйесінің бұл құрамдауышы ортақ және жинақтаушы жүйенің артықшылықтарын қамтиды.
Сәйкесінше бизнестің өз жұмыскерлері үшін әлеуметтік жауапкершілігі арта түседі. Ал бұл, бүкіләлемдік үрдіс.