Санкт-Петербург қаласында Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұловаға ескерткіш орнатылды

Жеңіс күнінің қарсаңында 6 мамыр күні Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында Кеңес Одағының батыры, қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловаға мемлекетіміздің қолдауымен еңселі ескерткіш қойылып, салтанатты түрде ашылды. Шара аясында Құрманғазы ұлттық оркестрі мен Қазақстанның Халық әртісі А.Днишев пен Р.Рымбаева өнер көрсетті. Ескерткіш Ә.Молдағұлова көшесінің төрінде, өзі оқыған интернаттың қасында орналастырылды. Ақтөбеліктер де еңселі ескерткіштің бой көтеруіне зор үлестерін қосты. Облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалин батыр қыздың туған жері Ақтөбеден арнайы делегация жіберді. Делегация құрамында ақсақалдар, Әлия апамыздың туыстары, қоғамдық ұйымдардан ағаларымыз болды. Ескерткіш екі елдің арасындағы достықты, елдікті, ерлікті дәріптеп тұр және жастарды елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейді.