АУДАНЫМЫЗҒА ОБЛЫС ӘКІМІ ОҢДАСЫН СЕЙІЛҰЛЫ ОРАЗАЛИН ІС САПАРМЕН КЕЛДІ

Облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалин мен Мемлекет және қоғам қайраткері Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов Қобда ауданына іс сапармен келді. Облыс басшысы сапар барысында Жиренқопа-Тұзтөбе бағытындағы Жиренқопа ауылына дейін салынып жатқан жолдың сапасына қатысты алаңдаушылық танытып, мердігер компания басшысына күрделі жөндеу жұмыстарын қарқынды әрі сапалы аяқтауды міндеттеді.
Содан соң Жиренқопа ауылына барып «Туған жерге тағзым» акциясы аясында салынған «Қобыланды батыр» кесенесi жанындағы «Сапар орталығында» болып, «Қобыланды — ұлы дала батыры» атты іс-шараға қатысты. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында жабдықталған көрмелер мен қойылымдарды тамашалады.
«Тұлпар мініп, Ту алған» ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған «Қобыланды батыр» жырын оқушылар арасында жатқа айтудан өзара сынға түскен аудандық кезеңінің жүлдегерлерін марапаттап, жазғы демалыс лагерлеріне сертификаттар табыстады. Ауыл үлкендерімен кездесіп, сауалдарына жауап берген өңір басшысы «Қобыланды батыр» кесенесіне зиярат етіп, мұражайды аралады.
Сапар соңында «Жиренқопа-Первомай» шекара бекетінің жұмысын қарап, шекара заставасындағы шекарашылардың жағдайымен танысты.