Аудан әкімі ауызашар берді

Рамазан айы – он екі айдың сұлтаны, берекелі, кешірімі мол ай. Сабырлылық пен төзімділікке шақыратын осы айға әлемнің барша мұсылмандары айрықша құрметпен қарап, ауыз бекітіп, пітір - садақаларын таратып, қамқорлықты қажет ететін жандарға қолдау көрсетіп, сауабы мол амалдарды көптеп жасауға асығады. Рамазан айының әр күні сауапты істермен айғақталса керек. Өткен қасиетті жұма күнінің Қадір түні кешінде осындай игі іске аудан жамағаты куә болды. Осы күні аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет өзінің отбасы атынан аудан орталығындағы «Шәріп молда» атындағы мешіттің ауласында күйіз үйде ауыз бекіткен ардақты ақсақалдар, ақ жаулықты аналарға, имамдарға, мекеме қызметкерлеріне арнап дастархан жайып, ауызашар берді. Бұл игі шара қасиетті Құранның оқылуымен басталды.
Аудан басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы сөз алып, қадірлі Рамазан айында бір Алланың разылығы үшін ораза ұстаған жамағатқа ниеттеріңіз қабыл болсын айтты. Бүгінгі таңда елімізде имандылыққа ұйып, ауыз бекітушілердің қатары көбейіп отырғанына, игі істерге ұмтылғаны мұсылман баласына өте жақсы амал екеніне тоқталды. Қасиетті айда Отанымызға, ауданымызға жақсылық тіледі.
Жамағаттың жүрегі ізгілікпен нұрланған осынау сауапты кеште сөз алған ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Кереймағанбетов, Сәрсен Әмірғалиев, Жауғашты Жұмағалиев, мешіт имамы Айбек Кабиев ислам дінінің құндылықтарын айтып, ораза ұстаған жамағатқа ауызашар беріп, сауапты іс атқарып отырған аудан басшысына алғыс сезімдерін білдіріп, келешектегі келелі істеріне табыс тіледі.
Жиналған ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды қариялар имандылық, адамгершілік жастар тәрбиесі хақында салиқалы әңгімелер тиегін ағытып, ораза айының қадір-қасиеті турасында пітір-садақа берудің маңызы мен сауабы туралы ой сабақтады.
Ауызашар жиынының соңында өмірден өткен ата-бабалар рухына құран бағышталды. Оқылған Құранға жамағат қол жайды. Көпшілік бұл ізгілікке толы жиыннан көңілдері марқайып, Рамазан айының құлшылық, ғибадат екенін ұғынып қайтты. Eндеше, қасиетті айда тұтқан оразамыз бен берген ауызашарымыздың сыйы сауаптан болсын!