Қасіретті жылдар жаңғырығы

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын«Зобалаң жылдар жаңғырығы» атты еске алу күні «Мәңгілік Ел» саябағында өтті. Бұл күні қазақ баласы көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн. ХХ-ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына жуылған тәуменді тарихтың шерлі беттерінің бірі. Бүгінгі ұрпақтың борышы – осы жылдары жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімін ұмытпау һәм оларды мәңгі есте сақтау. Осы тұста, атаулы күннің қадірін арттырған рухани еске алу шарасы «Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына» арналған монумент алдында өтті. Аудан әкімі Мейрамбек Шермаганбет өз сөзінде: «Осындай қайғылы оқиғалар ешқашан ұмытылмауы керек және жас ұрпақ осындай адамға тән емес қиын кезеңдерде артында бай мұра қалдыра білген ұлы адамдар туралы білуі және құрметтеуі керек. Жастар қуғын-сүргін және жер аудару сөздерінің нені білдіретінін жете түсінулері қажет. Ендігі борышымыз – жазықсыз құрбан болған азаматтарымызды ұмытпау, мәңгі есте сақтау. Сол бір зұлмат жылдардағы халыққа қайғы қасірет әкелген оқиғаларды бүгін әділ бағалауымыз керек», – деп атап өтті.
Аудан әкімі бастаған бір топ азаматтар Қасірет мемориалдық тақтасына гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздік жариялады. Одан әрі аудан орталығындағы «Шәріп молда» мешітінің имамы Айбек Кабиев ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына Құран аяттарын бағыштап, дұға жасады. Мұнан кейін Жастар ресурсының бастығы Берік Орынбасаров монологын оқып, көпшіліктің жүрегін елжіретті. Өткенді қастерлеп, бүгінгі құндылықтарымызға жету жолында жер жастанған жандардың ерлігін ұмытпау – міндет.