Ақтөбе - адалдық алаңы

Адалдық алаңы
Расул МЕДЕТОВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы:
— «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдау — Мемлекет басшысының көреген саясатының тағы бір дәлелі.
Жолдауда тұрғындарымыздың әлеуметтік жағдайын және табыс пен тұрмыс сапасын арттыруға арналған маңызды тетіктер айрықша аталған. Соның бірі — сыбайлас жемқорлықпен белсенді күресті жалғастыру.
Осыған байланысты біз қоғам өмірінің барлық салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша жұмыс атқарып жатырмыз.
Қазіргі таңда «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында Елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін қолдана отырып, «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобасын қолға алдық. Жобаға сәйкес, құрылымда жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары немесе орыналған елеулі тәртіптік теріс қылықтар үшін бірінші басшылар да жауапты болады. Ол үшін тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуге, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және мемлекеттік билік институттарына деген азаматтардың сенімін нығайтуға бағытталған келісім шарт әзірленді.
Аталған құжат мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасы, кадр ауысымдылығы, тұрғындармен тұрақты түрде кездесу ұйымдастыру, қызметкерлерді ынталандырудың және кәсіби қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне де қатысты жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Бүгінгі күні құжатқа қол қою ұсынысын 239 жергілікті атқарушы орган басшылары қолдап отыр.
Одан бөлек, Елбасының ел экономикасының дамуына үлес қосатын бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу қажеттілігі туралы айтқаны мені қатты қуантты.
Осы орайда өңірімізде кәсіпкерлікті қолдау бойынша барынша жағдай жасалуда. Соның дәлелі — агенттіктің, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы, «KazakhInvest» компаниясы және облыс әкімдігімен бірлесе ұйымдастырылған «Protecting Business and Investments» жобасы. Жобаның соңғы үш айлық жұмыс қорытындысы нәтижесінде облыста жүргізілген жұмысқа оң баға берілді.
Облыстық департаментке инвесторлардан 16 арыз-шағым түсіп, оның 15 қысқа мерзімде шешіліп, қалған 1 өтініш бақылауға алынды.
Мәселен, «Green Capital Kazakhstan» ЖШС жылыжай құрылысын бастауға қажетті мемлекеттік сараптаманың уақтылы берілуі бойынша шаралар қабылданды. 2 ай уақытқа созылған сараптама нәтижесі департаменттің араласуымен 2 күнде шешілді. «ЭНИ Армвинт» ЖШС-ның құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті электр желісін «Казхром ТҰҚ» АҚ аумағынан өткізу мәселесі де оң шешімін тапты.
Департаментпен өңірдегі оңтайлы бизнес ахуалды қалыптастыру және бизнес өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғасын табады. Жолдауда да Елбасының осыған ерекше мән бергені, яғни кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға маңыз беріліп жатқаны жақсылықтың нышаны деп білемін.