Жастар ауданымызды көріктендіру жұмыстарына бар ынтамен кірісті

«Жасыл ел» Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның экономикалық , әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы Астана қаласында «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағының Республикалық штабы құрылып, ұлан-ғайыр мекеннің барлық аймағында бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен еді. Аталмыш бағдарлама он төрт жылдың ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін,күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді. Сөз басында аталмыш бағдарлама 2005 жылы қабылданып, жүзеге аса бастады дедік. Жастар жұмыс істегені үшін еңбекақы алатын болады. Студент жастарды жазғы мезгілде бос уақытын тиімді пайдалану үшін әрбір аудан, ауылдарда «Студенттік құрылыс жасақтары» мен «Жасыл ел» еңбек жасақтары жұмыстар істемек. Жасыл ел тек патриоттардың, елін сүйетін азаматтардың орны. Әр адам өз елінің патриоты болуы керек. Осы орайда аянбай еңбек етіп, өз туған жерінің мәртебесін көтеру әр қазақтың, ел болашағы болып саналатын жастардың міндеті. Мемлекеттік бағдарлама аясында Қобда ауданында маусым айының 1- нен бастап «Жасыл ел» жұмыс жасағы құрылып өз жұмыстарын атқаруда. Жалпы аудан бойынша, «Жасыл ел» бағдарламасына жоспар 206 жасты жұмысқа тарту болса, бүгінгі таңда 125 жас қатысуда, немесе 60 %. Оның ішінде аз қамтылған отбасы 14 адам, 5-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар. «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйытқы болуымен де Қобда орман шаруашылығы арқылы 40 жас оның ішінде студенттер – 20, оқушылар – 20 адам маусымдық жұмыспен қамтылып отыр. Биылғы жылы ауданымыздың гүлденуіне, тазалығына, көгалдануына үлес қосуға жалпы саны 165 жаспен толығып отыр.Олардың құрамында жазғы демалысқа келген жастар мен студенттер, жұмыссыз жастар және оқушылар бар.
Абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын қолға алған студенттер мен жұмыссыз жастар қатарынан жасақталған топтар бүгінгі күнде көшелерді, қураған ағаштарды кесіп, тасжол жиектерін әктеу сияқты игілікті іс жасау барысында үлкен белсенділік көрсетуде. Маусым, шілде, тамыз айларында жасақшылар тынбай жұмыс жасайды. «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде. Өңіріміздің гүлденуіне үлес қосып, Елбасы Жолдауын жүзеге асыру жолында адал еңбек етуді мақсат еткен студенттер мен жастар өз міндеттеріне білек сыбана кірісті.
Мұндағы мақсат жастар бір жағынан ауданның көркейуіне өз үлестерін қосса, екінші жағынан жазғы демалыс уақыттарын тиімді пайдалану болып табылады. Жастардың еңбек етуге құлшынысы мықты. Басты мақсат – Елбасы жолдауын қолдау, жастарды жұмысқа орналастыру.Сондықтан жұмыс істеймін деген жасқа ешқандай кедергі жоқ.Қазірдің өзінде студенттермен бірге жұмыссыз жастар келіп тіркеліп жатыр. Бұл жерде жастар аса ауыр жұмыстарды атқармайды. Серіктес жұмысшыларына көмекші ретінде қол ұшын береді. Жастардың барлығы жазғы уақытын тиімді өткізуді қалайды. «Жасыл ел» жасағындағы жұмысшы жастар арнайы киімдермен қамтылып, жұмыс барысындағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі. Бүгінде, жастар осы бағдарламаның іске асуына барынша атсалысуда. Солардың көмегімен әлгі бастама осы күнге дейін жақсы нәтиже көрсетуде. Жалпы бағдарламаның негізгі мақсаты жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, елді-мекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезімін ояту. Ең бастысы, жылына қаншама жастарды осы іске тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету. «Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес. Қаншама студентеріміз бос уақытын тиімді өткізе отырып еліне қызмет етіп жүр. Қоғамға, өз ұлтына пайдасын тигізер кезде аянып қалмайтын жасақшыларымызға алдағы уақытта сәттілік тілейміз!