АДАЛДЫҚ ДҮКЕНІ-БАЛАЛАРДЫ АДАЛДЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Осы аптада сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу комиссиясының кезекті отырысы кеңейтілген форматта өтті. Кеңеске аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, аудан прокуроры Сәнібек Тілесов қатысты. Жиында алдымен аудан әкімі аппараты мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Дұзбанов баяндама жасады. Ол өз сөзінде есепті кезеңде атқарушы органдар тарапынан сыбайлас жемқорлық фактілерінің тіркелмегенін айтып жеткізді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мақсатында баннерлердің ілінгенін, «Қобда» аудандық газетінде, әлеуметтік желілерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мақалалар мен роликтердің жиі жария етілетінін айтты.
Білім беру мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу төңірегінде білім бөлімінің басшысы Нұрлыбай Айжарықов мәлімдеді. Ол қазір сыбайлас жем қорлықтың алдын-алу бағытында өндірістік жиындарда кеңінен айтылатынын, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отыратынын жеткізді. Мектеп басшыларын тағайындау, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау үдерісі де заңға сәйкес ашық түрде, бірнеше этаптан тұратын байқау арқылы, Еңбек сайты арқылы жүргізілетінін атады. Қазір мектептерде адалдық дүкендерінің жұмыс жасайтынын айтты. Онда оқушылар өзіне керекті құралдарды сатушысыз сатып алып, ақшасын төлеп, артық ақшасын өздері алып үйреніп жатқанын мәлімдеді. Комиссия мүшелері тарапынан мұндай тәжірибенің балаларды адалдыққа тәрбиелеуге ықпалы зорына назар аударылды.