ЕҢ БАСТЫСЫ - ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Апта басында аудан басшысы Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен құқықбұзушылықтың алдын-алу комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырыс аудан прокуроры Сәнібек Тілесовтың қатысуымен өтті. Жол қауіпсіздігін сақтау және алдын-алу бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде жол қауіпсіздігі аға инспекторы Мұрат Әбішевтің баяндамасы тыңдалды. Оның сөзінен үстіміздегі жылы жол апаттары едәуір өсіп, 3 оқиғадан 7 оқиғаға дейін артқаны белгілі болды. М. Әбішев мұның себептерін жылдамдықты арттырудан екенімен түсіндірді. Жол жөндеу жұмыстарының да жол апаттарына әкелгенін айтты.
Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет жол апаттары жиі орын алып отырған облыстық маңыздағы жолдарға тәулік бойы кезекшілік болуы керек екені туралы тапсырма берді. Жөнделіп жатқан жолдарда қауіпсіздік белгілерінің болуын қамтамасыз ету керектігіне назар аударды.
Отырыста пробация қызметі мен сотталғандарды қоғамға бейімдеу турасындағы жұмыстар да кеңінен талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстарды пробация қызметінің инспекторы Айгерім Жаубатырова баян етті. Ол қазіргі таңға шартты босағандардың барлығының дерлік жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Олардың кейбірінің өзін-өзі қамтып отырғанын, кәсіпкерлікке бет бұрып, несие алып жатырғандарын да айтып өтті. Олардың қоғамнан өз орнын тауып, бейімделуі үшін жағдай жасау керектігі туралы кейбір мүдделі атқарушы орган басшыларына аудан әкімі тапсырмалар берді.