Жүйелі жұмыс жауапкершілікті қажет етеді

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен аудандық әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде төрт бірдей мәселе бойынша атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Мәжілісті жүргізген аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет баяндама жасаушы бөлім басшыларына тек атқарылған жұмыстарды айтып қана қоймай, нақты іс-шараларды ұсыну керектігін де ескертті.
Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округтер әкімдері және мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібінде күзгі әскерге шақыру жоспарының орындалуы туралы аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Денис Плотко, аудандық сәулет құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Күнзия Төлешова жылыту маусымына дайындық жұмыстары, ауылдық округтердегі жеке тұрғын үйлердің отынмен қамтылуы туралы, жаппай кәсіпкерлікті қолдау, бағдарламалардың орындалуы туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Разия Жолдыбаева және аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бағдаулет Түктібаевтың қысқаша баяндамалары тыңдалды. Аудан басшысы күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталмас бұрын, жаңадан тағайындалған Жиренқопа ауылдық округінің әкімі Аманжол Тастаев пен Халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Есен Мұханбетқалиевтің жұмыстарына сәттілік тіледі.
Бірінші болып бастаған аудан әкімі аппаратының басшысы Бақытжан Смағұлов мәселелердің орындалысын тізбеледі. Ауылдық округ әкімдері аппараттарында аталған мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарға жүргізілген талдау нәтижесінде мынадай кемшіліктер анықталған. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына ауылдық округтердің қатысуы төмен, екі округте мал сою пункті жоқ екендігі, жұмыс жасамай тұрған ауылшаруашылық кооперативтері кейбір ауылдық округтерде жабылмай тұрғандығы баса айтылды.
Аудан көлемінде азаматтарды әскер қатарына шақыру, әскерге аттандыруды өткізудің қорытындысы және күзгі шақыру науқанында атқарылатын жұмыстар туралы баяндаған ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының есебі де проблемаға толы болды. Ең қарапайымы, әскерге шақырту қағазын таратудан бастап, аудандық шақыру комиссиясы құрамына енгізілген дәрігер-мамандардың жетіспеуі де күрделі мәселеге айналып кеткен. Шақыру комиссиясына, әсіресе, ауылдық округтердің әскерге шақырылушы азаматтары бармай қиындық туындатып отыр. Бұл мәселе бойынша жауап берген округ әкімдері мәселенің мәнісін былайша түсіндірді. Олардың айтуынша, әскер қатарына жарамды азаматтардың көпшілігі ауылдық округтің тұрғыны ретінде есепте тұрғанымен, шын мәнісінде олар басқа жақта жұмыста жүргендер, не болмаса осыдан бірнеше жыл бұрын қалаға көшіп кеткендер. Сондықтан, оларды іздеп тауып, әскерге шақырту қағазын уақытында қолдарына ұстату мүмкін емес көрінеді. Аудан басшысы бұл кемшіліктерге бір-бірлеріңізден кінә іздемей, нақты шара қолдану жолдарын қарастыру керек, - деп кесіп айтты.
Қобда ауданы бойынша атаулы әлеуметтік көмек 286 отбасы 1330 адамға жоспар болса, бүгінгі таңда 271 отбасы 1251 адамға тағайындалғандығы айтылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше ауданның әлеуметтік-тұрмыстық, білім және әкімшілік мекемелеріне қатысты 2019-2020 ж.ж. жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндамада барлығы 6 635,6 тоннаны, 284 тонна сұйық отын және облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мекемеге 99,90 тонна қатты отын, 23 тонна сұйық отын қажет екен. Бүгінгі күнге «Қобда аудандық білім бөлімі» ММ-не 98%, «Қобда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-не 100%, «Қобда аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКК-не 100% және Қобда ауданының ауылдық округтеріне 80% қатты отын жеткізілген.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сәйкес, аудан бойынша ауыл шаруашылық сала бойынша 38 өтініш қабылданып 1 млрд. 821 млн. 585 мың теңгеге несие алынуда.
Ағымдағы жылы 91,5 млн. тг 12 дана трактор және 78,5 млн. тг 30 шөп дайындау техникасын сатып алынды, жалпы 170,0 млн. тг инвестиция тартылды.
Жиында қаралған мәселелер жөнінде аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына және ауылдық округтер әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, орындалуын бақылауда ұстайтындығын қадап айтты. Сонымен қатар, «Қобданың 90 жылдығы» аясында мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру бойынша сұрақтар және тиісті жұмыстар бақылауға алынды. Кеңейтілген мәжілісте талқыланған мәселелер көптеген проблемалардың тасада қалғанын анықтап берді.