Жасөспірім – Заң – Қауіпсіздік

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының кезекті мәжілісі өтті. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен отырыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша атқарылған шаралар турасы сөз болды.
Аталған мәселеге орай ең алдымен аудандық ПБ бастығы, полиция полковнигі Ардақ Наяшовтың үстіміздегі жылдың 8 айында жол көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жұмыстары туралы хабарлама жасады. Былтырғы жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы саны +42,8% (7-ден 10-ға) оның ішінде қайтыс болғандар 2,5 есе (2-ден 5-ке дейін), жарақат алғандар 2,5 есе (9-дан 23-ке дейін) – өсіп отырғандығын жеткізді. Рейдтік іс-шаралар кезінде жол жүру ережелерін бұзғаны үшін 962 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде автокөлікті мастану күйінде басқарғаны үшін 27 тұлға ұсталып (608 бап), соттың қаулысымен әр-түрлі мерзімге жүргізуші күәлігінен айрылды, жол жүру жылдамдығын арттырғаны үшін 105 құқықбұзушылық (592 бап), жаяу жүргіншіге басымдылық бермегені үшін 15 құқықбұзушылық (600 бап), жаяу жүргіншілермен жол ережесін бұзудың 164 дерегі анықталған (615 бап). Оған қоса, көлiк құралдарын басқару құқығынан айырылған адамның, алкогольдік немесе есірткілік масаң күйдегі көлік құралын басқару деректері бойынша - 4 қылмыстық теріс қылық анықталып, сотқа жолданғаны баяндалды.
Осы тұста, жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыс жасау бүгінгі қоғамның күн тәртібінен түспейтін түйткілді мәселе екендігін айтқан аудан басшысы барлық білім беру ұйымдарының басшылары мұндай келеңсіз фактілерді алдағы уақытта болдырмау, алдын алу бағытында тиісті шаралар атқаруын, қайталануына жол бермеуін қатаң ескертті.Одан әрі күн тәртібіндегі мәселеге орай аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбай Айжарықов та қосымша хабарлама жасап өтті. Мектепшілік есепке құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 26 оқушы есепке қойылғаны айтылды.Мұнан әрі жиын барысында жастар арасындағы құқық бұзушылықтар кеңінен талқыланып, жалпы осы мәселе құқық қорғау жүйесінің ғана емес, отбасының, барша мемлекеттік ұйымдардың үнемі қадағалауын ерекше қажет ететіндігін байқатты. Осы орайда, аудан басшысы аудандық ішкі істер бөлімі қызметіне, ауылдық округ әкімдеріне, аудандық білім бөліміне жасөспірімдер арасында жүйелі жұмыстарды жүргізу бағытында нақты әрі тиімді тапсырмалар жүктеп, нәтижесі үнемі бақылауда болатындығын жеткізді. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың дендеп бара жатқанын айтқан аудан әкімі М. Шермағанбет тиісті мемлекеттік органдардың кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактика бағытындағы жұмыстарының тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын аңғартатынын атап өтті. Жиында қаралған келесі мәселе бойынша Рахимов Шахидолла малдың таңбасы туралы баяндады. Жиынды қорытындылаған аудан басшысы сала жетекшілеріне әрбір іске жауапкершілікпен қарап, атқарылған жұмыстарды сөзбен емес іспен көрсетуді айтып, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.