Ғылыми-тәжірибелік конференция

Жуырда С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада Қобда ауданының 90 жылдығына арналған "Ұлы даланың сан қыры мен жұмбақ сыры, Қобда ауданы тарихының өзекті мәселелері" тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің тарих, археология және этнология орталығының директоры, облыстық "Рухани жаңғыру" жобалық Кеңсесінің үйлестірушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәулет Әбенов, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің "Рухани жаңғыру" орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мұхтар Миров, ҚР мәдениет қайраткері, облыстық "Рухани жаңғыру " жобалық Кеңсесінің маманы, профессор, өлкетанушы, Исатайтанушы Еркін Құрманбек, Қобда аудандық мәслихатының хатшысы Жанболат Ерғалиев, облыс әкімінің Қобда ауданы бойынша қоғамдық көмекшісі, өлкетанушы Жауғашты Жұмағалиев және аудандық музей қызметкерлері қатысты. Танымдық-тағылымдық шараға аудан ардагерлері, Ақтөбе қаласында тұратын қобдалық ақсақалдар мен азаматтар, жaстар өкілдері көрермен болып келіп, пікір-тәжірибе алмасты. Ынтымағы жарасқан батырлар өлкесінің түпкі тарихы, өнегелі өткен өмірі мен кемел келешегі туралы ой қозғалған конференцияға қатысушылар қазан айының 4-5 күндері Қобда кентінде ауданның 90 жылдығына орай өтетін салтанатты шараға қатысуға қызығушылықтарын білдірді.