АУДАН ШАРУАЛАРЫ «АНГУС» СИЫРЫН ӨСІРЕ БАСТАДЫ

Ауа райының қуаңшылығы ауданның ауылшаруашылығы саласын түбегейлі мал шаруашылығына қарай ойысуына негіз болғаны белгілі. «Мал баққандыкы» демекші мал шаруашылығын дамытуды ғылыми тұрғыда жүргізу жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауларында да көп айтылғаны да рас. Соңғы 10 жылда мал басын асылдандыру бағытында ауқымды жұмыстардың атқарылғаны, қазір іспен нақты дәлелденіп отыр. «Сыбаға» бағдарламасы да ірі қара малының асылдандыруға үлкен әсер етткен мемлекеттің жобасы. Соңғы екі жылдың өзінде ауданға шетелден әкелінген асыл тұқымды мал басының саны мыңнан асты. Оның көбі әлемге әйгілі ет бағытындағы «Ангус» сиыры.
Осыдан бес-алты жылдан бері асыл тұқымды бұқа сатып алып, табынға қосқаны үшін жарты миллион теңгеге шейін мемлекеттен субсидия төленіп келді. Осының арқасында бүгінде бұзаулардың көз алдымызда іріленіп келе жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Мал санының артып, оны асылдандыруға «Сыбаға» бағдарламасының да оң ықпалы зор болды. Сол шаруа үшін тиімді бағдарламаның шарты өзгеріп, соңғы үш жылда тек шетелден асыл тұқымды ірі қара әкелем деушілерге ғана берілетін болды. Осы арқылы да қазір ангус сынды бұрын-соңды естіп білмеген сиырлар ауданымызда өсіріле бастады. Абердин-ангус сиырын біздің ауданымыз сияқты жемшөп қоры мол, ауа-райы қоңыр-салқын келетін аймақта өсіру тиімді. Бұл тұқым қазір елімізде кеңінен тараған Батыс Қазақстанда өндірістік будаңдастыру және жергілікті мүйізді ірі қара малдың жаңа тұқымдық топтары мен Қостанай облысында кең тараған Әулиекөл сиырын шығаруда пайдаланылған екен.
Қазір «Тамбай» шаруашылығына қарасты жайылымдарда 500 бас ірі қара өріп жүр. Қазіргі Талдысай ауылдық округінің аумағында табиғаты тамаша, су қоймасының жанында орныққан қожалық ауданның ең алдыңғы қатарлы шаруашылығының бірі болып табылады. Қожалықта еңселі біріне-бірі жалғасқан мал баздары, демалыс үйлері, жұмысшылар демалатын арнайы баспаналар заманға сай бой түзеген. Құрылғанына тек жеті жыл болса да ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып, оннан аса жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Шаруашылықтың қожасы да қобдалық жерлесіміз кәсіпкер Әсет Тілеуов деген азамат. Бұған дейін де қорасы малға толы шаруашылықтың қазір асыл тұқымды ангус абердин сиырын ұстауды жөн санапты. Бүгінде «Тамбай» шаруа қожалығында 250 бас абердин ангус сиыры өсіріледі. Осы Абердин–ангус сиырын сатып әкеліп, кеңінен шұғылданып отырған тағы бір іргелі шаруашылық ол да Талдысай округінің аумағында орналасқан «Бұлақ Бееф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл шаруашылық былтыр 2018 жылы құрылыпты. Құрылтайшысы Қазбек Тапаков. Мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану арқылы 218 бас ангус абердин ірі қарасын әкеліп, ауданға ауқымды инвестиция тартқан шаруалардың бірі.
Мал басын асылдандыру жобалары биыл да лайықты жалғасып, бірқатар шаруашылықтар «Сыбаға» бағдарламасы арқылы асыл тұқымды ірі қара малын сатып алуда. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы 5 өтініш қабылданып, 1 330,5 млн теңгеге, 1671 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алуда. Оларға тоқталсақ, И.Құрманов атындағы ауылдық округінде «Темір ат» шаруа қожалығы 100 бас, «Ата кәсіп» шаруа қожалығы 45 бас, Өтек ауылдық округінде «Муса» шаруа қожалығы 1100 бас, Терісаққан ауылдық округінде «Караганда» шаруа қожалығы 260 бас, Талдысай ауылдық округінде «Бұлак БЕЕФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 166 бас асыл тұқымды сиырлар әкеліп, ауданнның мал басын асылданып, төрт түліктің санын арттырмақ. Ауданда 2019-2020 ж.ж. 650,0 млн теңгеге 1000 бас ІҚМ мен 3000 бас ҰҚМ мал бордақылау алаңын құру жоспарланды.
Ал енді сол асыл тұқымды малды өсіріп баптап, жем-шөппен қамтамасыз ету үшін қажетті техника да көптеп әкелінді. Ағымдағы жылы 84,3 млн. теңгеге 12 дана трактор және 75,0 млн. теңгеге шөп дайындау техникасын сатып алу арқылы, жалпы 159,0 млн. теңге инвестиция тарту көзделуде. Қазіргі таңда 13 дана жаңа трактор, 21 дана мал азығын дайындау техникасы, 1 дана тыңайтқыш шашқыш сатып алынды.
Осы айтылғанның бәрі ата кәсіп ойсылқараны өсіру біздің ауданымызға қолайлы кәсіп болса, оның ішінде тек асыл тұқымды ірі қара өсіру одан да тиімді. Ал мемлекеттің бағдарламаларының да қазір тек ангус сынды шетелдік асыл тұқымды сиыр сатып алғанда да ғана берілетіні де ата кәсіпті ғылыммен байланыстырып, экономикалық тұрғыдан екшелеп барып, белгіленген шарт екені анық.