Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

Қазіргі нарық заманында адамдар өзіне қымбаттының барлығын сақтандырады. Ал денсаулықтан қымбат не бар? Енді көптеген дамыған мемлекеттер секілді біздің елімізде де өмірімізді, денсаулығымызды сақтандыруға мүмкіндік туды. Ол үшін арнайы қор құрылып жатыр. 2020-шы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс жасай бастайды. Медициналық сақтандыру қорына ай сайын жарнасын аударып, өзін сақтандыратын азамат тексерумен ем қабылдауға кететін шығындарға алаңдамайтын болады,-деп хабарлайды «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» Ке АҚ АОФ директоры Гүлмира Қожаниязова.
Оның сөзінше, төлем жасамайтындар да медициналық қызметсіз қалмайды. Олар учаскелік терапевтің қабылдауына жазылып қана қоймай, тексеруден өтіп, бірқатар қауіпті дерттерді де тегін емдей алады. Жедел медициналық жәрдемнің қызметі де ақысыз қала береді.
Медсақтандыруды халық неғұрлым көп таңдаса, жүйе соғұрлым берік бола түседі.Заң бойынша елдің барлық жұмыс істейтін тұрғындарының табыстарынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарналар алынуы тиіс. Биыл жарнаны тек жұмыс берушілер ғана төлеп жатыр,-деп атап өтті филиал басшысы. Оның көлемі жалдамалы қызметкерлерге берілетін еңбекақының 1,5 пайызы.Азаматтың қай жерде жұмыс жасайтыны маңызды емес, оған жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлем жүргізуге міндетті. Бұл жұмысшының жалақысына әсер етпейді.
Келесі жылы сақтандыру медицинасы енгізілгенде жағдай өзгереді. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс беруші қол астындағы жұмысшының еңбекақысының 1 пайызын ұстап, Медициналық сақтандыру қорына аудара бастайды.
Жұмыс беруші жұмысшысы үшін 2020-2021 жылдары - 2%, 2022 жылы - 3%-бен аударым жасауды жалғастыра береді. Ал жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының иелері мен жеке адвокаттар, сот орындаушылары секілді жеке тәжірибемен айналысатын адамдар 2020 жылдан бастап ай сайын ең төменгі жалақының 1,4-ке тең бөлігінен 5 пайызын МӘМС-ке аударып отырады. Осы жылдың бағасымен есептесек, жарнаның көлемі 2975 теңге. Ең төменгі жалақы көлемі жылдан жылға өзгеретіндіктен, 2020 жылы жарна сомасы өзгеше болуы мүмкін.
Ерікті түрде төлеушілер медициналық сақтандыру үшін ең төменгі жалақының 5 пайызы болатын төлем жасай алады. Биыл ол - 2125 теңге.
Тұрақты табыс немесе ресми еңбек шарты жоқ азаматтар да медициналық сақтандырудың қатысушысы бола алады. Мұндай мүмкіндік жалдамалы еңбек күшін тартпай, өзге жеке тұлғаларға қызмет көрсетіп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған қазақстандықтарға беріледі. Мысалы, саяжайының көкөністері мен жемістерін сатумен, көмір тиеумен немесе бақшаға егін егумен, бала күтуші, репетитор, үйде компьютер жөндеумен айналысатын азаматтар.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бірыңғай жиынтық төлем жасай алады. Ең төменгі аударымдар үшін азамат бірден үш әлеуметтік жүйенің қатысушысы болады: зейнетақы (жұмыс өтілі есептеледі), әлеуметтік және медициналық сақтандыру. 2020 жылы кемінде үш ай қатарынан бірыңғай жиынтық төлем төлеу медициналық қызметтердің сақтандыру пакетін алуға мүмкіндік береді.
Медициналық сақтандыру заңмен енгізілді. Жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын адамдардың жүйені орындауын Мемлекеттік кірістер департаменті – салық міндеттемелерін орындау қағидаты бойынша қадағалайтын болады. Төлем мерзімін кешіктіргендер үшін өсімпұл жүреді, қасақана төлем жасамайтындардың шоты бұғатталады.