«Бақытты отбасы» баспаналы болуға мүмкіндік

Жуырда жария етілген ҚР президенті Қ: Тоқаевтың алғашқы Жолдауында ел дамуының барлық бағыттары айқындалған. Оның ішінде халықтың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік ахуалын түзеуге де көп көңіл бөлінген.
Жолдауда көтерілген маңызды мәселенің бірі-баспана. Президент 2020 жылдан бастап жыл сайын 10 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болатынын айтты. Аталған бағдарламаның тиімділігі мол. Яғни, жеңілдік мөлшерлемесі небары 2 пайызды, алғашқы жарнасы 10 пайызды құрайды. Егер біз осы бағдарламаны толық іске асыра алсақ, қаншама көп балалы, мүгедек бала асыраушы отбасыларды, жастарды баспанамен қамтыған болар едік. Елдің дамуын әрбір отбасы сезінгенде ғана берекелі қоғам орнайды. Ал баспаналы болу соның басты шарты. Бұл бағытта соңғы жылдары нәтижелі жобалар жүзеге асуда. Жуырда Қобда ауданының 90 жылдығы аясында 8 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Жыл аяғына шейін 4 екі қабатты үй пайдалануға беріліп, тағы 64 отбасы баспаналы болады. Бұл жұмыстар ауданымызда алдағы уақытта еселене түспек. Жолдаудан туындайтын міндеттерді іске асыру үшін тек бір адамдай жұмылуымыз қажет.