Қобдаға "Жұбанов керуені" келді

Ауданымызға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Ердембеков Бауыржан Амангелдіұлының жетекшілігімен "Жұбанов керуені" атты арнайы топ келді.
Аудандық мәдениет үйінде студенттік клубтар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жас түлектерге дұрыс мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруге арналған "Мамандығыңды дұрыс таңда" акциясы өтіп, мектеп оқушыларының ата-аналарымен кездесу жиынына ұласты. Жиын барысында ҰБТ тапсыру ережелері мен жаңалықтары түсіндірілді. Одан соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Ердембеков Бауыржан Амангелдіұлымен ынтымақтастық меморандумға қол қойылды.
Содан соң Қобыланды батыр атындағы мектеп гимназиясында кәсіпкерлік негіздеріне арналған курстар мен шеберлік сабақтары өтетін "Экономика және менеджмент" кафедрасының филиалы ашылды. Шара соңында экономика магистрі, бизнес тренер Н.Сұлтанмұратова "Бизнес идея" тақырыбында шеберлік класын өткізді. Сонымен қатар, мектеп базасында мұғалімдерге арналған үздіксіз білім беру институтының тренинг-семинары өтті. Кездесу соңында аудан әкімі М.З.Шермағанбет ауданымызға келген "Жұбанов керуені" тобының жұмысына сәттілік тілеп, ризашылығын білдірді.