Ауданымызға «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тобы келді

Ауданымызда «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында бірнеше ауылдық округтерде тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, өзекті сұрақтар шешімін тапты. Алдымен Әлия ауылында «Ақпараттық түсіндіру жұмысы» бағыты ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын түсіндіріп, азаматтардың сауалдарына жауап берілді. Жиын барысында облыстық, аудандық газеттерге баспасөзге жазылуға арналған сертификаттар табысталды. Одан соң «Рахман» мешітінде жергілікті жамағаттың теологтармен, «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының қызметкерлерімен кездесулер өтті. Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепте облыстық білім басқармасының қызметкерлері мен дінтанушылар 7-11 сынып оқушыларымен кездесті. Мектеп мәжіліс залында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Кәмелетке толмағандардың қоғамдағы құқықтық рөлі» атты семинар-практикум, «Зайырлылық және жоғары руханият дәстүрлі таным негізі» атты дөңгелек үстелдер өтті. Әлия ауылындағы ауылдық клуб ғимаратында «Жақсылық жаса!» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар азық-түлік себеті және қысқы отынмен қамтылды.Талдысай ауылында облыстан келген дәрігерлер тұрғындарды қабылдады. Стомотолог, педиатр, балалар хирургі, эндокринолог, кардиолог, невропотолог дәрігерлер талдысайлықтарға ем шараларын жасап, тиісті ұсыныстарын берді. Қайырымдылық акциясы Талдысай ауылында да жалғасын тауып, аз қамтылған отбасылар мен ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға көмектер көрсетілді.Одан соң аудан орталығында жергілікті кәсіпкерлер ауылшаруашылық жәрмеңкесіне қатысып, арзандатылған бағамен халыққа өз өнімдерін ұсынды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында кәсіпкерлік бағыты шағын және орта бизнесті дамытуға арналған семинар өткізді. Жиынға аудан әкімі М.Шермағанбет, кәсіпкерлік басқармасынан, ауылшаруашылық басқармасынан және қаржы институттарының қызметкерлері қатысып, ауыл тұрғындарына, шаура қожалық кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі жөнінен, шағын және орта кәсіпкерлікті құру жөнінен баяндап, сауалдарына жауап берілді. Жастар өкілдері «Бизнес Бастау» жобасы жөнінде мәліметтер алды. Бегалы елді мекенінде ауыл тұрғындары үшін көптен күткен көгілдір отын мәселесі шешімін тапты. Аудан әкімі М.Шермағанбет ауылішілік газ құбырының салтанатты ашылуында Бегалылықтарды қуанышты жаңалықтарымен құттықтап, жалпы құны 89 255,0 мың теңгеге жүзеге асқан жоба ауыл тұрғындарының игілігіне берілді, ауыл тұрғындары өз ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар бұл күні Жарсай, Терісаққан ауылдарында да кездесулер өтті, қайырымдылық акциялары жүзеге асты.