Жолдау жастарға серпін береді

Қазақстандықтарға жаңа серпін беретін, еліміздегі маңызды қадам - Президент жолдауы. Біз тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан тәуелсіз елде тұрамыз. Елімізде игі бастамалар аясында ел болашағы – жастарды ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Кезекті жолдауда спорт, мәдениет саласына айрықша тоқталып өткені көңіл қуантарлық. Мен өзім белсенді жас ретінде жастарға айтатын ой-пікірлері мен талап-тілектерін айрықша ден қойып қабылдаймын.
Біз өмір сүріп жатқан уақыт – бейқамдық пен шабандықты кешірмейтін кезең. Бүгін жасалуы тиіс дүниені ертеңгі күнге ығыстырған адам көштің соңында қалары анық. Біздің қоғам жастарды белсенді болуға, барлық іске жауапкершілікпен қарауға, батыл әрекеттер жасауға үндеп отырады. Осы жылдың «Жастар жылы» ретінде келер жылдың «Еріктілер Жылы» деп жариялануы жас буынның рухын көтереді, жігерін жаниды. Бәсекеге қабілетті ел болудың дау тудырмас негізі – алдымен, сол елдің жастарын соған лайықты тұрғыда тәрбиелеу. Ендеше, жастардың жалындап жанатын, білек сыбанатын, биік белестерді бағындыруға ұмтылатын шағы туды.
Осы орайда, көңіл төріндегі көрікті ойларды шындыққа айналдыру мақсатында барлық санаттағы жастарды қамтитын әлеуметтік мазмұндағы қолдау табатын шаралар көптеп атқарылады деп ойлаймын.
Біздің барша жетістіктеріміздің бастауы - бірлік деп білемін. Жастардың жігері мен күш қуатын біріктіру мақсатында «2019 жыл - Жастар жылы» деп жарияланған болатын. Келер жыл «Еріктілер жылы» деп жариялануы жастар саясатына айрықша ден қойылып отырғандығын аңғартады. Білімді жастар барлық уақытта да қоғамның қозғаушы күші екендігі анық. Ерікті жастар қашанда қоғам игілігі үшін аянып қалмай, мерекелік іс-шаралардың ұйымдастырылуынан бастап, табиғи апат зардаптарын алдын-алу жолында, ағарту жұмыстары мен әлеуметтік жобалардың жүйелі жүзеге асуына өзіндік зор үлесін қосады. Өзінің жеке мүдделерімен санаспайтын, жаңа бастамаларға әрқашан дайын ерікті жастарға бағыт - бағдар жасап, жаңа бастамаларын қолдау бағытында «Еріктілер Жылы» деп жариялануы жастарға деген сенімнің артылуы. Біз жастар өзімізге жүктелген тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, еліміздің дамуы жолында аянбай тер төгуге дайынбыз. Еліміздің болашағы, жаңа әрі жас буыны - біздер! Қазіргі техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның шарықтап тұрған заманында, біздер шеберліктің шыңына жете біліп, білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға дағдылануымыз қажет!