Кәсіпкерлік қанат жаюда. Істің көзін тапқан кәсіпкер

Қазір бау-бақша егіп, өнімін табыс көзіне айналдыру үшін жазды күтудің қажеті жоқ. Істің қыбын тауып, тәуекел еткен адамға қыстың өзі кедергі бола алмайды. Ерінбеген етікші де, егінші де, тіпті кім болам десе сол болады. Және еңбегіне қарай өнбегі болатыны белгілі. Осы орайда аудан орталығында жас кәсіпкер Мақсат Бижанов жыл он екі ай халықты көкөніспен қамтамасыз ететін жылыжай кешенін ашты. Ол «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары бойынша өз бизнесін дамытуға несие алып, іске кірісіп кетті. Алдымен жер телімін даярлау қажет болды. Жерді бірнеше сантиметр шөптесін қыртысынан тазартты. Сол аумаққа қара топырақ төседі. Жылыжайдың сүйегін металдан жасап, төбесін поликорбанатпен жапты. Жылыжайдың ашылу салтанатына аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, аудан әкімінің орынбасары Батырхан Өтепов және бірқатар мекеме басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Аудан басшысы
«Қазіргі уақытта жылыжайға арналған заманауи құрылыс материалдары да көбейіп келеді. Бұрындары жылыжай әйнекпен жабылатын. Қазір осы әйнекті алмастыратын мықты пленкалар шығуда», - деп кәсіптің көзін тапқан кәсіпкердің жаңа бастамасымен таныса келе, халқының игілігі үшін жылыжай ашқан жас кәсіпкерге сәттілік тіледі. Сонымен қатар жылыжайдан алынған қияр өнімін балаларға берілетін тегін астың тізіміне енгізу керек деп білім бөлімінің басшысына тапсырма берді.