Коронавирус алдын-ала сақтануды қажет ететін індет

Коронавирус індетінің алдын-алу, су тасқынына дайындық, көктемгі егіс егу аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жан-жақты талқыланған мәселелер болды. Жиынға аудандағы барлық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары, мектептер мен балабақшалардың директорлары, ауылдық клубтар мен медпункт меңгерушілері, ветеринария мамандары қатысты. Қазір жер шарының ең басты қаупіне айналған коронавирустың алдын алу шаралары да жиынға негізі арқау болды. Бұл жөнінде тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының басшысы Нұрлыбек Досжанов кеңінен баяндады. Ол коронавирустың қазіргі әлемдегі таралу ауқымы мен ең қауіпті елдердің кестесін алға тартты. Қазір түрлі ақпарат көздері арқылы халықты сақтандыру жұмыстарына баса назар аударылып отырғанын айтып өтті. Коронавирус дертінің алдын-алу бойынша қолға алынған жұмыстар төңірегінде орталық аурухананың бас дәрігері Ботагөз Саренова да жан-жақты баяндап өтті. Ол бетперделердің жетіспейтінін, дәкеден жасалған бетперделердің де пайдасын барын айтып жеткізді. Қазір адамдар осы індетке шалдыққан жағдайда оқшаулау ғимараттарының дайындалып отырғанын, аурухананың қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілгенін баяндады.
Көктемгі егін нақанына дайындық шараларын аудан әкімінің орынбасары Болат Құлов жан-жақты саралады. Ол биылғы белгіленген егіс көлемінің аумағы 32 мың гектарды құрап отырғанына назар аударды. Қажетті тұқым мен техниканың дайындығы бойынша ауылдық округтеріне нақты тапсырмалар белгіледі. Ол үстіміздегі жылы ірі бруцеллезінің де едәуір артқанын алға тартып, округ әкімдері мен жауапты мал дәрігерлерін оның мейлінше жойылуына ат салысуға шақырды. Суармалы егіншілікке мемлекет тарапынан көрсетіліп жатырған қолдауға көңіл бөлді Үстіміздегі жылдың Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Әл фарабидің 850 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Әлия Молдағұлованың 95 жылдығы сынды мерейлі даталармен айшықталатынына тоқталып, оларды атап өтудің маңыздылығын айтты.
Әкімнің орынбасары Батырхан Өтеп жер аяғы кеңіп, қар кеткен бойда ауылдың санитарлық тазалығы, абаттандыру, тал егу жұмыстарының басталатынын айтып, қазір негізгі жоба-жоспарлардың дайындалып, таратылып жатқанын атады. Ауылдың тазалығы ортақ міндет екеніне тоқталып, жиынға қатысып отырған мекеме басшыларын сенбіліктерге, ауылдың көркеюіне қатысты шараларға белсенді атсалысуға шақырды. Ол атаулы әлеуметтік көмек тағайындалатын азаматтардың биыл біршама кемігенін жеткізіп, енді олардың кәсіби мамандық алуына, тиімді мемлекеттік бағдаламаларға қатысуына ықпал ету керектігін атады. Су тасу қаупінің алдын-алу шараларына да назар аударып, қазіргі таңға қардың негізінен еріп болғанын, барлық маңызды суағарлардың тазартылғаны жөнінде айтып жеткізді.
Жиынды сабақтаған аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет коронавирусқа қарсы тұру шараларының маңыздылығына тоқталып, бүгінде көпшілік мәдени шаралардың оның ішінде Наурыз мерекесін де тойлауға тыйым салынып отырғанын айтып өтті. Көктемгі егіс, мал бағуды ұйымдастыру бойынша жауапты лауазымды тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді. Мемлекетік ұйымдардың басшыларын, кәсіпкерлерді ауылдың санитарлық тазалығына, абаттандырылуына ат салысуға, шақырды.