Аудан әкімі М.Шермағанбеттің аудан тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтауы

Қымбатты қобдалықтар!
Халқымыз ежелден жыл басы санаған, Ұлыстың ұлы күніне балаған Наурыз мейрамымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз біз үшін қасиетті мейрам. Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген.
Наурыз мейрамын қарсы алған кезде біз ерекше жан толғанысын кешеміз. Мереке күні адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, табысу мен татуласуға үлкен мән беріп, шын ниетпен бақыт тілейді. Өйткені, бұл күні айтылған әрбір ақ тілек қабыл болады. Сонымен қатар мұндай мерекелер мәдениетіміз бен дәстүрімізді жан-жақты насихаттаумен бірге сеніміміз бен армандарымызды биіктерге ұмтылдыратын ортақ игіліктерімізге айналдырып, нығайта түседі.
Құрметті жерлестер! Сіздерді әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтай отыра, елімізге амандық, халқымызға тыныштық тілеймін. Мереке баршамызға құт-береке, молшылық әкелсін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Аудан әкімі М. Шермағанбет