Мәдениет

16.03.2017
«ҚОБДА АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІ» ММ-сі «Қобда аудандық мәдениет Үйі» МКҚК директоры лауазымының бос орнына конкурс жариялайды.Лауазымдық еңбекақысы еңбек өтіліне байланысты 116 557 теңгеден 137 484 теңгеге дейін.
Атқаратын негізгі міндеттері: Мәдениет мекемесінің әкімшілік-шаруашылық және экономикалық қызметіне жалпы басшылық етеді. Халық арасында мәдени-ағартушылық және бос уақыт қызметінің негізгі бағыттарын әзірлейді және орындалуына бақылау жасайды. Мәдениет Үйінің жылдық, шығармашылық-өндірістік, әдіскерлік, мәдени-ағарту жұмыстарының жоспарларын құрастырады. Мәдени-тынығу ұйымының озық тәжірибесін зерттеп, қорытылуын ұйымдастырып мекеменің іс-тәжірибесіне еңгізеді. Мәдениет Үйінің қызметін және барша қызметкерлердің жұмысын ұйымдастырады, атап айтсақ: фестивальдерді, байқауларды, конкурстарды, көрмелер және шаруашылық қызметтің өзге де түрлерін өткізеді. Көркемөнерпаз ұжымдарының жұмысын қадағалайды. Методикалық құралдар, сценарийлер, репертуар шығару, оны рецензиялау және көркемөнерпаз ұжымдарына шығармашылық көмек көрсетуге білікті мамандарды тартады. Мәдениет Үйін білікті кадрлармен қамтамасыз етеді, кәсіби біліктілігін арттырады, мадақтайды, қызметкерлердің шығармашылық бастамаларын ынталандырады. Қызметкерлермен ішкі еңбек тәртібінің ережесін, еңбек қорғау, қауіпсіздік техника, өндірістік санитария және өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін сақталуына бақылау жүргізеді. Ірі маңызды шараларға, театрландырылған мерекелерге, халық серуендеріне, балдарға, демалыс кештеріне қатысуды қамтамасыз етеді.
Конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар: қажетті мамандық бойынша жоғары білімнің болуы. Қажетті мамандық бойынша басшы лауазымдарда және жұмыс өтілінің кемінде 5 жылдан кем болмауы тиіс.
Конкурс Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 70 бұйрығы негізінде өткізіледі.
Конкурсқа қатысуға жіберілген үміткерлер құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін 5 жұмыс күн ішінде Қобда ауылының «Қобда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-де әңгімелесу кезеңінен өтеді.
Конкурсқа қатысушы үміткерлер білуге міндетті: Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» және өзгеде ҚР нормативтік-құқықтық актілерді, мәдениет саласының сұрақтары бойынша мемлекеттік мекемелердің актілерін және мемлекеттік тілді;
Конкурсқа қатысуға тілек білдірген азаматтар мына құжаттарды тапсырады:
- конкурстық комиссия төрағасы атына тұрғылықты тіркеу орны, нақты тұратын жері, байланыс телефондары көрсетілген өтініш;
- жеке тұлғаны куәландыратын құжат көшірмесі;
- еркін түрде жазылған өмірбаяны;
- нотариус куәландырған білім туралы құжат көшірмесі (қосымшасымен бірге);
- нотариус куәландырған еңбек кітапшасының көшірмесі (ол бар болса) немесе жеке еңбек келісімшарты немесе жұмысқа қабылдау және соңғы жұмыс істеген мекемесінен шыққаны туралы бұйрықтың көшірмелері;
- бұрынғы жұмыс орны кадр қызметі куәландырылған кадрды есепке алу жөніндегі жеке парағы мен 2 фотосурет (3х4);
- медициналық куәландырудан өтуі туралы құжат (№086/У формасында);
- сотты болмағандығы туралы анықтама ұсынуы қажет (ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен);
Конкурсқа қатысушы өзінің білімі туралы жұмыс тәжірибесі, кәсіби деңгейі, (біліктілік арттыру, ғылыми дәрежелері мен атақтары туралы құжаттардың көшірмелері, ғылыми жарияланымдар және т.б.) қосымша ақпараттар бере алады.
Көрсетілген құжаттардың бірінің болмауы құжаттарды конкурсқа қатысушыға қайтару үшін негіз болып табылады.
Байқауға қатысқысы келетін азаматтар қажетті құжаттарын осы хабарландыру бұқаралық ақпарат құралдарының ресми басылымдарында («Қобда» газеті) жарияланған сәттен бастап 15 жұмыс күн ішінде «Қобда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-не мына мекен-жайға тапсыруы қажет:
031000, Қобда ауылы,Астана көшесі, 42 үй.
Анықтама телефоны: 8(71341) 21-5-49, факс 8(71341) 21-0-87, электрондық пошта hobdaculture@mai.ru.
Қызметке қабылданғандарға көшіп-қону, көтерме қаржысы төленбейді, тұрғын үй және басқа да жеңілдіктер берілмейді.
Қобда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі саласының негізгі қызметі бойынша мәліметі.
Қазіргі таңда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 51 мәдениет ошағы аудан жұртшылығына қызмет етеді. Олар: 1 аудандық мәдениет үйі, 2 ауылдық мәдениет үйі, 22 ауылдық клуб, 1 аудандық кітапхана, 1 аудандық балалар кітапханасы, 21 ауылдық кітапхана, Жастар Үйі және облыстық бюджеттен қаржыландырылатын «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы, «Қобыланды Батыр» мемориалдық кешені.
Аудан бойынша 116 үйірме, халықтық атағын алған 2 шығармашылық топ бар. Олар: «Қарлығаш» халықтық би ансамблі, «Гүл-М-Жан» халықтық вокалдық тобы.
Қазіргі таңда ауданда барлығы 186 адам мәдениет саласында жұмыс жасайды, оның ішінде шығармашылықпен айналысатын – 80 адам.
Аудан кітапханаларының 7-уі жаңа үлгідегі модельді кітапхана, олар: Сарбұлақ, Білтабанов, Қызылжар, Егіндібұлақ Әлия, Бестау, Жиренқопа ауылдық кітапханалары.
Бөлімнің мәдениет пен мемлекеттік тіл саясатын насихаттау бағытында атқаратын іс-шаралар жоспары аудан әкімінің орынбасарымен бекітіліп, жоспарды іске асыруға қажетті қаражат көлемі анықталады.
Кәсіби ұжымдардың деңгейін көтеру, олардың шығармашыл қызметін жақсарту, концерттік жұмыстарының белсенділігін арттыру мақсатында сахналық костюмдер тіктіруге, музыкалық аспаптар соның ішінде раритеттік құндылықтарды алуға мақсатты қаражаттар бөлінеді. Осы мақсатта шараларды қолға ала отырып, селолық клубтарды, кітапханалардың жұмыстарын жаңғырту, материалдық-техникалық базасын жақсарту, аудандық және селолық мәдениет мекемелерін кәсіби мамандармен штатын жасақтау, жыл сайынғы фестиваль, халық шығармашылығы байқауларын, ауылдағы мәдениетті, халық көркемөнерпаздар шығармашылығын қолдау мақсатында үздік әуесқой ұжымдарға «халықтық» және «үлгілі» атақтарын беру жоспарлануда. Сонымен қатар мәдениетті күндерді жаңғырту, аудан аумағында тұратын халықтың дәстүрін, мемлекеттік тілді дамыту мақсатында фестивальдер, айтыстар, «Жас даурен», «Балдаурен» жастар байқаулары тұрақты өткізіліп тұрады.
Мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» аудандық фестивалі аясында «Тіл болашағы - балабақшада», тіл мәдениетін көтеру мақсатында көркемсөз оқу шеберлерінің «Оралхан Бөкей – тіл шебері», мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік мекемеде», орыс жастары арасында қазақ тілі білгірлерінің «Тіл - халық жанын танудың кілті», өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл-менің тілім» байқаулары, «Мақсұтым-тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты Абай оқулары, орыс және аралас мектептерде қазақ тілі пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің арасында «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» байқауы ұйымдастырылды.
МӘДЕНИЕТІ
Сан жұртқа мекен болған даңқты даланың шежіресі оның рухани өмірін айшықтайтын мәдениетінің дамуымен баяндалатыны сөзсіз. Қобда өңірінің мәдениеті де өзіндік ерекшеліктерге бай. Алғаш Қобда ауданында мәдениет бөлімі мекеме ретінде 1947 жылы құрылды. Соғыстан кейінгі кезеңде ашылған мекеменің тұңғыш басшысы Қонақбаев, ал аудандық клуб ұйымдастырушысы болып Ш.Әбірешов тағайындалған еді. Сол жылдардан бастау алған аудандық мәдениет бөліміне Бородай, 1949 жылы Н. Водько, 1953 жылдан Н. Погуляй, 1965-1987 жылдары О. Нұрмұханбетов, 1987-2002 жылдары «Қазақстанның мәдениет қайраткері» Л. Ивашкевич, 2002-2006 жылдары Б. Құлов басшылық жасады.
Соғыстан кейін Калиновка, Талдысай, Астрахановка елді мекендерінде ауылдық клубтар ашылды. 1965 ж. ауданда бір аудандық, бір ұжымшарлық Мәдениет үйі, төрт автоклуб, он ауылдық клуб және он сегіз ұжымшарлық клуб жұмыс жасады. 1947-1970 жылдарда мәдени қызметкерлердің арнаулы білімі барлары аз еді. Қызметкерлердің негізі орта мектеп бітіргендер болатын. 1960-1965 жылдары мәдениет саласында еңбек еткен 82 қызметкердің біреуі ғана жоғары білімді, 28-нің арнайы орта білімі болды, ал 53 адам орта мектеп түлектері болған.
1967-1975 жылдары жалпы типтік клубтардың ғимараттары салына бастады. Ең алдымен Әліпбайсай, Михайловка, Жиренқопа ауылдарында 200-350 орындық клуб ғимараттары бой көтерді. 1975 жылы ауданның мәдениет саласында жоғары білімді 6, орта арнаулы білімі бар 49 маман жұмыс істеді. Тек ірі шаруашылық орталықтарында ғана емес, фермалар мен жұмысшы бригадаларда мәдениет ошақтарының деңгейі жоғарылап, қажетті құрал-жабдықтармен, музыка аспаптарымен қамтамасыз етіле бастады.
1970 -1980 жылдары автоклубтар саны көбейіп, сапасының артуына үлкен маңыз қойыла бастады. Осы кезде ауданда 6 автоклуб жұмыс істеп, облыс бойынша автоклубтар саны жағынан бірінші орынға шықты. Автоклубтар жылына 82 ретке дейін 38 елді мекенге, 48 шопандар тұрағына сапарға шығып, 15119 адамды қамтып, 1098 кино қойылымдарын қойып отырған. Әр автоклубқа орнатылған радиостанция қырман мен шопандар тұрағын орталықпен тікелей байланыстырып отырды. Автоклуб меңгерушілері И. Коноваленконың, Л. Гернердің, З. Алмағанбетованың, В.Жуковтың, І. Есмуханбатовтың еңбектері еленді.
Ауданда 1965 жылдан бастап 47 кітапхана жұмыс жасады: бір аудандық, жиырма жеті ауылдық кітапхана, бір балалар кітапханасы, бір кәсіподақ, бір ұжымшарлық, он мектептік кітапхана. Оқырмандар саны 17641 адам, кітап қоры 155065 дана болды. Ал 1992 жылы кітап қоры 188874 жетті. 75 ауылдық пункттің барлығы кітапхана қызметімен қамтылды. Библиобус, жылжымалы кітапхана жұмыс жасап, ұзақ жылдар С. Конивец, Б. Сейлов қажырлы еңбек атқарды.
Ауданның мәдениет ошақтарында өнерді дамыту және қолдау бойынша шараларды орындау барысында 3 жылда 80-нен астам концерттер, 20-дан астам фестивальдар мен байқаулар өткізілді. «Жас дәурен», «Балдәурен», «Қамажай», «Ауыл іші — өнер кеніші» сияқты байқаулар ауыл-аймақтағы жас дарындарды баулуға арқау болып келеді. Кәсіби және жетекші көркемөнерпаздар ұжымдарын белгілі байқаулар мен фестивальдарға қатыстыруға және олардың сапарларын ұйымдастыруға баса назар аударылады. 2007 ж. «Қарылғаш» халықтық би ансамблі Ресейдің Санк-Петербург қаласында «Россияночка собирает друзей» фестиваліне қатысып, республика намысын қорғаса, 2008 ж. Украинаның Харковь қаласында өткен халықаралық «Зелен свит» байқауына қатысып, жүлделі І-орынға ие болды.
Ауданның көркемөнерпаздары 2007 ж. Ақтөбе облысының 75 жылдық мерейтойында «Өркенді өңір өнері» байқауында, Ш.Берсеевтің 125 жылдығына арналған халық шығармашылық фестивалінің аясында өткен «Ақ тарының атасы» байқауында ауданға жүлде әкелді. Ботағариндер дуэті облыстық «Жас дәурен» байқауында, Жиеналиндер дуэті «Менің Қазақстаным» облыстық патриоттық әндер байқауында, Айман Сарбалина Ойыл ауданында өткен облыстық термешілер сайысында ауданның мәдениеті мен өнерін танытты. Дархан Зупаров, Гүлжайнар Төлеуова, Айдана Зурбаева, Нұртай Шакенов сияқты жас таланттар қатысқан әр деңгейдегі байқауларда ауданның аты озды.
Соңғы жылдары республика деңгейінде және облыс көлемінде ұйымдастырылған ірі қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық шаралар ерекше атап өтілді. Астана қаласының 10 жылдығына арналған «Қобда-2008» ауданаралық балалар би фестивалі және Қазақстан мен Ресей мемлекеттері шекаралас аймақтарының бесінші Форумы аясында өткен мәдени шаралар, аты аңызға айналған Қобыланды батыр кесенесінің ашылу салтанаты сияқты үлкен мерекелер аудан үшін шын мәнінде айрықша маңызы бар, тұрғындар арасында да зор серпіліс туғызған оқиғалар болатын. Аталған шаралардың өтуіне мәдениет саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлер ерекше үлес қосты. Қобыланды батырды ұлықтау рәсімі кезінде Жиренқопа ауылында «Қобыланды» мемориалдық кешені ашылды, ауданның мәдениет ошақтары материалдық базасын жақсартып, музыкалық аспаптар және қойылымдық костюмдер тіктірді.
Мәдениет бөлімінің жоспарына сай «Масленица», «Жаңаша» жастар арасындағы клиптер байқауы, халықаралық әйелдер күніне орай «Гүл мереке» концерті, «Қобда аруы — 2009» байқауы, «Наурыз көже», «Наурыз мерекесі», Конституция күніне «Алтын Заң аясында», «Республика күні», «Ауыл шаруашылық күні», «Тәуелсіздік күні», «Жарық жұлдыздар», «Күміс ән мен әсем би» тақырыптарында өткен мерекелік кештер, концерттер, әдеби кештер мен кітап көрмелері, сурет көрмелері, акциялар, байқаулар жас ұрпақты өнерге баулуды, бойға патриоттық сезім ұялатуды, ұлттық дәстүр мен ұлтаралық келісімді нығайтуды мақсат етеді.
Аудандағы мәдениет ошақтарының ең үлкені — аудандық Мәдениет үйі. Алдымен 1947 ж. Ново-Алексеевка аудандық клубы ашылды. Клубта директорлық штат болмады, клуб ұйымдастырушысы болып М.Пивень тағайындалды. Клуб қазіргі музыка мектебінің ғимаратында орналасты. Осы кезде Калиновка, Астрахановка, Талдысай ауылдық клубтары ашылып, аудандық партия, комсомол комитеттерінің қолдауымен ауданда алғаш рет 1950 ж. ән фестивалі ұйымдастырылды. 1949 ж. аудандық клуб негізінде аудандық Мәдениет үйі қайта құрылды. Мәдениет үйіне мекеме ретінде жұмыс жасай бастағалы К.Есетов, З.Макаев, Д.Досжанов, І.Есмұқамбетов, К.Насыров басшылық жасады. Соңғы жылдары Мәдениет үйінің директоры қызметін В.Стратинская атқарып келеді. 1952 ж. ауданымызда бір аудандық Мәдениет үйі және бір ауылдық клуб жұмыс жасады. Аудан бойынша 42 мүшесі бар 2 хор, 2 драма және 2 вокал үйірмелері жұмыс істеді. Аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған өнерпаздар тобы алыс ауылдарға шығып, концерт бере бастады.
1983 жылы Әліпбайсай ауылында ауылдық клубтың жанынан құрамында 18 адамы бар Халық театры құрылды. Режиссері Тыныштық Таубатыров болды. Театр әртістері Т. Дәуірбековтің «Қонбаған ем», Ә. Шынбатыровтың «Жұлдызды түн», И. Ғайыптың «Қанына тартқан қыңырлар», К. Әмірбектің «Уәде бермеуге уәде бер», М. Әуезовтің «Хан Кене»», Ғ. Мүсіреповтің «Аманкелді» спектакльдерін қойып, көрермен ықыласына бөленді.
1996 ж. Аудандық Мәдениет үйінің жанында жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында «Филин» мәдени орталығы жұмыс жасады.
1990-1995 жылдары Сергей Забиловтың жетекшілігімен «Искра» вокалды-эстрадалық ансамбль жұмыс жасады. 1968-1994 жылдар арасында А. Лоськучерявидің жетекшілігімен хор тобы, қазақ және орыс вокал топтары құрылып, хордың құрамында 30-35 адам болды. 1995-99 жылдар аралығында Еркін Жиеналин мен Әлібек Таубатыровтың ұйымдастырған «Ұлы Қобда» тобы, “Тамаша” ойын-сауық отауының бағдарламалары ауданға танымал болды.
Мәдениет үйінің аясында «Искорка» үгіт бригадасы өнер көрсетті. Ауданның шалғай ауылдарын, шопандар бригадаларын аралап, концерт қойды. Көп жылдар І. Есмухамбетов, А. Едгенова, А. Лоскучерявый, А. Зиятдинова, В. Жантурин, А. Байтасова, К. Насыров сияқты өнерпаздар еңбек етті.
Осы күні аудандық Мәдениет үйінің құрамында 2 ауылдық Мәдениет үйі, 19 ауылдық клуб жұмыс жасайды. 780 қатысушы бар хор-вокал, халық аспаптар оркестрі, би өнері, драма жанрларына бағытталған 75 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде, 545 балаға арналған 53 үйірме бар.
Аудандық Мәдениет үйі жанынан 1992 ж. «Қарлығаш» би үйірмесі құрылып, бүлдіршіндер, жасөспірімдер, ересектер топтары жұмыс жасай бастады. 1993 ж. «Қарлығаш» би үйірмесі облыста өткен бишілер байқауында 1-ші орынды жеңіп алды. Сол жылы облыстық «Балауса-93» бишілер байқауынан да жүлдемен оралып, 2003 ж. халықтық би ансамблі атағына қорғады. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Гүлжанат Төребаева көп жылдар би үйретумен айналысып, үлкен жетістіктерге жетіп келеді.
Мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған «Гүл-М-Жан» және «Нарқыз» ән топтары да өз өнерлерімен көпшілікті тәнті қылған өнер үйірмелері қатарынан орын алады. «Гүл-М-Жан» тобы жеке шығармашылық концерттерін беріп, ауыл-аймаққа шығып отырады. Құрамындағы әншілер Мейрамкүл Тюлюкбаева, Гүлсана Сафиева, Жанат Көкжанова, Гүлзада Боқанова орындаған әндерді көрермен жылы қабылдайды. «Гүл-М-Жан», «Нарқыз» топтарының жетекшісі — Г. Боқанова.
Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін тұрғындардың мәдениетін көтеру саясатының бір бағыты киноландыру ауданда бірден үлкен қолдауға ие болды. Киноландыру ісіне алғаш болып Ұлы Отан соғысының ардагері Якуба Дмитрий Иванович жетекшілік етті. Әр жылдарда Т. Камашев, З. Нұртазиев басшылық жасады. 1951 ж. аудандық «БЛКЖО 40 жылдығы» жазғы кинотеатры ашылды. Кинотеатрдың алғашқы директоры — Ивецинский. 1952 жылдан бастап Қобда ауданында кино қондырғылары жұмыс жасай бастады. Кино қойылымның қарыштап дамуы 1960-1980 жылдар аралығына келеді. Барлық ауылдық клубтар мен Мәдениет үйлерінде жаңа қондырғылар жұмыс жасап, арнайы киномеханиктер тағайындалған еді. Талас Бекхожин, Сапар Қанатбаев, Ақбасов, Андрей Сурков, Татьяна Суркова сияқты киномеханиктер кинотеатр жұмысына елеулі үлес қосты. Вознесеновка ауылының киномеханигі Татьяна Леонова социалистік жарыста жоғары көрсеткішке жеткені үшін «Құрмет белгісі» орденімен, Хабаловка ауылының киномеханигі Клавдия Череватая «Қазақ ССР киномотография үздігі» белгісімен және облыстық басшылықтың Алғыс хаттарымен марапатталған.
1991 жылдан бастап қаржы тапшылығына байланысты барлық кино қондырғылары жұмысын тоқтатты. Соның ішінде аудандық «БЛКЖО-40 жылдығы» атындағы кинотеатр да жабылды.
Жаппай сауатсыздықты жою мақсатында 1930 жылдан бастап ауданда 12 пункт жұмыс жасады. Соғыстан кейінгі жылдары аудан тұрғындарының көркем әдебиетке деген ерекше ықыласы байқалатын. Екі оқу отауы — «Изба» Михайловка (қазіргі Құрсай) мен Ново-Алексеевкада (аудан орталығы) ашылып, оқырман сұранысын қанағаттандырып отырды. Аудан орталығындағы оқу отауы аудандық кітапхана болып 1947 жылдан бастап қайта құрылды. Алғашқы кітапхананың кітап қоры 2500 дана болды. Алғашқы кітапханашы — Е. Подкурова. Кітапхана директорлары болып әр жылдары Л. Белозерова, Ж. Матаева, К. Көрпешова, А. Жұмағұлова қызмет етті. Қазіргі таңда кітапхана директоры Б. Исатаева.
1967-1970 жылдардан бастап Әліпбайсай, Михайловка, Калиновка, Астрахановка, Жиренқопа ауылдарында салына бастаған жалпы типтік клуб ғимараттарынан кітапханаларға кең көлемді бөлмелер бөлініп, ондағы қызметшілерге де талап өзгерді. 1978 ж. ауылдық кітапханалар бір орталықтан басқарылатын кітапхана жүйесіне көшті. Әр кітапханаға орталықтан кітаптар бөлініп беріліп, шалғайдағы ауылдарды автокітапханамен қамту іске асты, орталық кітапханада қосымша бөлімдер ашылды. Кітапхана жұмысын жаңа бағытқа ауыстыру ісі облыс бойынша алдымен біздің ауданда жолға қойылғандықтан, 1976 ж. ауданда облыстық кітапханашылар семинар-кеңесі өтті. Сол жылдары аудандық кітапханада М. Сағиева, С. Конивец, С. Белозерова, Ж. Құлжанова, С.Изтілеуова, Қ.Алдиярова жемісті еңбек етті. Осы күні кітапханада Галина Юрьева, Нәзия Билькенова, Лина Борткевич 30 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеді. Аудандық өлкетану бөлімінің аға кітапханашысы Кәмила Көрпешова облыста өткен «Аймақтық-туристік және шеберлер ауылы» жәрмеңкесінде, Нәзира Қизатова облыстық кітапханашылар байқауында жүлдегер атанды.
1990 ж. кейін кітапханаларда орталықтан қаржыландыру тоқтап, ауылдық кітапханалар жабылып, кітап қоры мектеп кітапханаларына берілді. 2000-2001 жылдан бастап кітапханалар жұмысы жаңа серпінмен қайта жаңғырды. Қобда аудандық әкімиятының 2005 жылғы 31 қаңтардағы №75 қаулысымен «Қобда аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесі құрылды. Жүйенің кітап қоры 215000 данаға жетті. Орталықтандырылған кітапхана құрамында 1 аудандық, 19 ауылдық, 1 балалар кітапханасы және өлкетану бөлімі жұмыс жасайды.
Аудандық кітапхана 300-ден астам газет-жорнал жаздырып алып, оқырмандарға қызмет көресетеді. Кітап қоры соңғы 3 жылда 11050 жаңа әдебиеттермен толықты. “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша жарыққа шығып жатқан кітаптар оқырман сұранысына ие. “Әлемдік мәдениеттану”, “Әлемдік философия”, “Бабалар сөзі”, “Қазақстан тарихы”, “Әлемдік саясаттану антологиясы” сияқты көптомдық кітаптар алына бастады. Әлия ауылдық кітапханасы мен Жиренқопа ауылдық кітапханасы модельдік кітапханаларға айналдырылды.
Қобда аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты балалар кітапханасы 1954 жылы ашылды. Бастапқыда балалар кітапханасына «БЛКЖО-40 жылдығы» атындағы кинотеатрдан бір бөлме бөлінді. Кітап қоры 2000 дананы құрады, 1 жұмыс столы, 2 кітап сөресі болған. Алғашқы балалар кітапханашысы — Е. Костенко. 1970 ж. кітапханада оқу залы ашылды. 1971 ж. аудандық балалар кітапханасы КПСС ХХІV съезі қарсаныңда Қазақстан КП Ақтөбе облкомының дипломымен марапатталды.
Осы жылдары кітап қоры 18670-ке жетті. Оқырмандар саны — 1271, кітап берілімі – 34482 болған. Қазіргі таңда балалар кітапханасының 17200 кітап қоры, 1600 оқырманы бар. Кітапханада оқырмандарды кітап оқуға насихаттау барысында «Тарих. Тағылым. Тұлға», «Біздің тарихымыздың шежіресі», «Қазақстан-2030», «Сөнбес жұлдыздар жарығы», «Заң және уақыт», «Мәдениет — өмір айнасы» тақырыбында кітап көрмелері, «Ұлағатты істер ұйытқысы — Ана» танымдық кездесу кеші, «Ғашық ғұмыр» М. Мақатаевқа арналған кеш, эпостық кейіпкерден тарихи тұлғаға айналған Қобыланды батырға арналған «Эпостан оралған батыр» оқырмандар конференциясы, «Баба басындағы белгі» тарихи сабақ, «Кітап. Кітапхана және жастар: болашаққа қадам» дөңгелек үстел, басқа да мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханалық ассоциациясы елімізде «Бір ел-бір кітап» деген атпен акция жариялады. Қазақстан халқының ұсынысы бойынша Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» повесті таңдалды. Кітапхана жанында «Тағылым», «Өткен ғасыр естелігі», «Достар» клубтары жұмыс жасайды. Әр аптаның сәрсенбі, бейсенбі күндері аудандық аурухана мен аудандық ішкі істер бөліміне, “Шұғыла балабақшасына”, отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тұрғындарына жылжымалы кітапхана қызмет көрсетеді. Мекемелерге жаңа түскен әдебиеттер жөнінде ақпарат беретін бюллетендер таратылады.
Қазіргі таңда аудандық кітапхананың материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа технологиямен жабдықталған. Ауданда орталық кітапхана, Әлия ауылы, Жиренқопа, Сарбұлақ, Білтабанов атындағы ауылдық кітапханалары автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйе (РАБИС) бағдарламасының «РАБИС-Каталогизатор», «Мақала» модулі енгізіліп, ауылдық модельді кітапхана атағына ие болып отыр. 2008 ж. облыстық С. Бәйішев атындағы әмбебап–ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Әлия ауылының модельді кітапханасында «Ақпарат ғасырындағы модельді ауыл кітапханасы» аймақтық семинар өтті.
Әдебиеті, өнері. Қобда өңірінде халықтың санасын үрей билеген талай ұлы шайқастар тұсында пышыраған қазақтың басын бір тудың астына біріктірген баһадүр бектер мен батырлар өтті. Осы себепті де сырт жұрт Қобданы батырлар туған өлке деп біледі. Ауданның көне тарихында оның топырағы, жел жеп, уақыт мүжіген тау-тасы қойнауына жасырған ақиқаттан тараған аңыз-әфсаналары жатыр. Осы өңірді ата жұрт деп таныған, сүйген, қадір тұтқан ұрпақ санасынан өшірмейтін тұлғалары төрткүл дүниенің қай бұрышында жүрсе де кіндігі кесілген киелі топырақтан жаралғанын мақтаныш етеді. Қобда еліміздің әр түпкірінде өнер мен мәдениетке, сөз өнеріне, өлкетану ісіне еңбек етіп жүрген қажырлы, дарынды ұл-қыздарын өсіріп, болашаққа беттеген көшін жалғап келеді. Ұлы дала жырауларының жұрнағы Айса Байтабынов Қобдада туып, Арал, Каспий, Жайық бойындағы, Ақтөбе өңіріндегі жыршылық дәстүрді қалыптастырды. Айсаның айтуынан «Қобыланды», «Әуез батыр», «Телағыс», «Ерсайын», «Көрұғлы» жырлары бізге жетті. Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдарында халық рухына, бостандығы мен тәуелсіздігіне деген сүйіспеншілік пен сенімді Айсаның жырлары жанай түсті. Еңсесі түскен ел Айсаның жырларын тыңдап, оның үгіттеуімен майдандағы отандастары үшін ел ішінен азық-түлік, киім-кешек жинап беріп отырған.
Сөз өнерін серік еткен көпшіліктің ішінен Амантай Өтегеновты дара бөліп айтуға болады. Қарағанды ауылында туған Қобданың ұлы белгілі ақын, журналист, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының, Халықаралық “Пен-Клубтың” мүшесі Амантайдың баспасөзден бастап жарық көрген өлеңдерінің “Лучи в ладонях”, “Картинки”, “Мужские стихи”, “Мост через остров”, “Әлия-Маншук”, “Дом из запятых” жинақтары оқырманымен қауышты. Республикалық “Жаңа фильм — Новый фильм” журналында, облыстық “Актюбинский вестник” газетінде, тәуелсіз “Тұран” газетінде басшылық қызметтерді атқарған ол саяси-қоғамдық мәні зор тақырыптарға қалам тербеді, көркем аудармамен айналысты. Амантай Қ. Мұхамеджановтың пьесаларын, Т. Ахтановтың “Шырағың сөнбесін”, Ә. Кекілбаевтың “Үркер”, Ә. Нұрпейісовтың “Соңғы парыз” романдарын, қазақ қаламгерлерінің көптеген повестері мен әңгімелерін, өлеңдерін орысша сөйлетті.
Ұлы Отан соғысының ардагері, елімізге белгілі сазгер Мұхамед Елемесов Қобда өңірінің түлегі. 30-дан астам күйдің, 35 әннің авторы М. Елемесов Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінің концертмейстрі болды, оркестрде 42 жыл еңбек етті. Оның туған далаға арнаған “Серпін”, “Алтын дән”, “Тарту”, “Қобда толқыны”, “Батыр Әлия”, “Батыр Мәншүк”, “Әдемі Ақтөбем”, “Еңбек шаттығы”, “Балалар биі” шығармалары оркестрдің бағдарламасында орындалды. “Жас дәурен”, “Ақтөбем — өнерімнің қазығы сен” өлеңдер жинағы, “Кең жайлау” күйлер жинағы шықты . Қобданың Өтек ауылында тұратын Дүйсенғали Таласовтың өлеңдері аудандық, облыстық газеттер арқылы қобдалық оқырманға жақсы таныс. Көп жылдар ауылда мал дәрігері болып жасаған Д. Таласовтың қолынан қаламы түскен емес. 2007 ж. 70 жылдық мерейтойы аудандық деңгейде атап өтіліп, халқы ақынға құрмет көрсетті. Оның лирикалық, патриоттық тақырыптағы өлеңдерін мектеп оқушылары жатқа біледі. 2005 ж. өлеңдері облыстық тілдерді қолдану мен дамытуға арналған бағдарлама шеңберінде шығарылған “Аңсау” жинағына енді.
Жібек Абдулинаның «Өмір өрнектері», «Бисен хазірет», «Қобда бойы Жаманкөл жайлауы», «Жүрек мұңы» өлеңдер жинағы мен орыс тілді оқушыларға арналған «Қазақ тілінің диктанттар жинағы», Әділхан Өмірбаевтың «Қос кемпірім» өлеңдер жинағы, Жарық ауылының түлегі, Алматы қаласында тұратын Жақсылық Аяповтың баспасөз беттерінде жарияланып жүрген өлеңдері оқырман жүрегіне жол тапты.
Ойылда туғанымен еңбек жолын Қобда ауданында бастап, аудан әкімінің орынбасары болған ақын, сазгер Еркін Жиеналиннің өлеңдеріне жазылған әндерді қазір республикалық деңгейдегі әншілер орындап жүр.
Облыстық “Актюбинский вестник” газетінің редакторы Айгүл Нұркеева мен республикалық “Алтын Орда”, облыстық “Ақтөбе” газеттерінде қызмет атқарған журналист Мейрамгүл Сатаеваның, «Қобда» газетінің редакторы Айгүл Байменованың мәдени-әлеуметтік, экномикалық-шаруашылық маңызы бар тақырыптарда мәселе көтеріп, қоғамдық пікір туғызуға талпынған материалдарын оқырман жылы қабылдайды.
Елдік пен ерліктің жалауын жүрегіне басқан өңірдің жұрты көзінің қарашығындай көрген дарынды ұл-қыздарының ішінде тарихтың кенін іздеушілер күрегін қойнауына батыра қоймаған сыр бүккен өлкенің тамырына қан жүгіртпек болғандары зерттеп-зерделеуге тырысты. Олардың қатарында қаруластары мен майдан даласындағы оқиғалар жайлы ұрпаққа сөз қалдырған Ұлы Отан соғысының ардагері Алмат Бергазинді, Шығыстың қос шынарының бірі Әлия Молдағұлова туралы көп деректерге қол жеткізген Ғалымжан Байдербесовты, ауданның жер-су атауларына қатысты жиған-тергенімен бөліскен Ғалымжан Бірмановты, ауданның адамдары туралы естеліктер жазып жүрген Мәскеу Шүкірановты, “Имандылыққа барар жолда”, “Әлия ұшқан ұя”, “Свет победы” кітаптарының авторы Балнияз Әжниязовты атауға болады.
Бұл өңір Шыңғыс ханның баһадүр қолбасшысы Сүбітайдың қалың қолы, Әмір Темірдің қаһарлы жасағы, Алтын Орда хандарының, Әбілқайыр мен Барақтың, Жәнібектің жұрты ат тұяғын серпіген жер. Беріде ұлт-азаттық көтерілістердің, әділетсіздікке қарсы қақтығыстардың “ошағы” болған өңір тарихының ақтаңдаққа айналған парақтарын ашуға тырысқан азды-көпті шолу жасалды. Осы еңбектердің авторы Нұржан Жетпісбай Жарық ауылында туып өскен, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының қызметкері, тарихшы-магистр.
Көп жылдар ауданның білім саласында еңбек еткен тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Беркін Құрманбеков те өңір тарихына қатысты 10 шақты кітаптың, монографиялардың, 70-тен астам ғылыми мақалалардың авторы. Өңірімізге қатысты тарихи зерттеу еңбектері негізінде Мәскеу, Киев, Бішкек, Ташкент, Алматы, Астана қалаларында өткен халықаралық ғылыми конференцияларда баяндамалар жасады.
Үлкен аймаққа орналасқан ауданның табиғаты далаға тән көркемдігімен ерекшеленеді. Ұлы Қобданың тарамданып аққан сағалары мен қайнап шыққан бұлақтар маңының келбеті алыстан көз тартады. Ресей ормандарына жалғасып жатқан Көкүйдің орманы, Шоқпар тоғайы айналасындағы дала көлдерінің айдыны көктемде аққу-қазын күтіп, кемерінен асып-тасып жатады. Көркем табиғат көрінісі осы өңірден суретшілердің шығуына себепкер болды. Калиновка ауылында туып-өскен Болат Атраубаевтың қазір Ақтөбеде жеке шеберханасы бар. Республикалық, халықаралық деңгейдегі сурет көрмелерінде оның “Көктем бояулары”, “Көктем, сұлу махаббат”, т.б. картиналары бас жүлде алды, сурет көрмелерін ашты.
Калиновка ауылында көп жылдардан бері мұғалім Болат Құлниязов жазған картиналар Үндістанда, Жапонияда өткен халықаралық көрмелерден орын алды. Оның табиғат аясын бейнелеген пейзаждары көргендердің көңілінен жол тапты. Болат Құлниязов “Сурет салу мен бейнелеу өнерін тереңдетіп оқыту әдістемесі” бағдарламасының авторы. Оның 100-ден астам картиналары елімізде және одан тыс жерлерде танылды.
“Ақтөбенің құрметті азаматы” марапатының иегері, мүсіндеу өнерінің шебері Жәдігер Кенбай Жарық ауылында туған. Н. Байғанин, Ш. Берсеев, Қ. Жұбанов, А. Жұбанов, Ғ. Жұбанова, С. Дәуғарин, А. Биекенов ескерткіштерінің, интернационалист жауынгерлерге арналған ескерткіштің авторы Жәдігер Кенбай Қобда ауданындағы “Ұмай ана” монументін ауданның 70 жылдығы тұсында жасады.
Ұлы дала көшінің қолөнерін, жәдігерліктерін, тұрмыста пайдаланған бұйымдарын зерттеуге Бегалы орта мектебінің мұғалімі Орынша Жылқышина да тырысты. Оның мал сүйегінен, теріден, балық қылқанынан, қайын шайырынан, бордан жасаған бұйымдары қолөнер шеберлерінің республикалық көрмелерінде таңдай қақтырды. “Сүйекті тұрмыста пайдалану” ғылыми жұмысы халықаралық кіші ғылыми жобалар конференциясында бағаланды.