Тарих

Қобда ауданы – шежірелі өлке
Қобда ауданы Ақтөбе облысының батысында облыс орталығынан 110 км қашықтықта орналасқан, ауданның жер көлемі 14,1 мың шаршы километр, облыс территориясының 21% алып жатыр.
Аудан көлемі солтүстіктен шығысқа қарай — 129,2 км., батыстан шығысқа қарай - 132,5 км. Аудан солтүстігінде Ресеймен, шығысында Алға, Мәртөк аудандарымен, батысында Батыс Қазақстан облысымен, оңтүстігінде Темір, Ойыл аудандарымен шектеседі.
Аудан жері құнарлы, суы мол, жайылымы кең, шаруашылыққа қолайлы өлкенің біріне жатады. Аудан аумағының жер ресурстары, табиғаты, климаты, жануар түрлері, мүлдем жоғалып кеткен жабайы аң түрлері мен өсімдіктері, өзен аңғары биологиялық алуан түрлілігі бай ірі табиғи жүйе. Аумақ Ақшат борлы массивтерімен ерекшеленеді. Өсімдіктерден Шренк қызғалдағы кездеседі.
Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген бұлан, елік, күз суыры, саршұнақ, түлкі, борсық, қарсақ, күзен, тырна, аққұйрықты суқарақұс, дуадақ, безгелдек мекендейді.
Аудан халқы - 30-дан астам ұлт өкілдерінен құралған 39 453 адам. Аудан 31 елді мекеннен тұратын 18 ауылдық округке бөлінген.
Қобда жері – атақты Исатай, Махамбет бастаған әйгілі күрестің соңғы шайқасы өткен өңір, жаугершілік заманда туған қарақыпшақ Қобыланды елін, жерін жортуылшы қалмақтардан жан аямай қорғап, атағы дүйім жұртқа жайылған жер. Қобыланды батыр бабамызға мемориалдық кешен, Исатай батырға кесене тұрғызылды.
Бұл төңіректе Талдысай ауылынан оңтүстікке қарай 12 км. қашықтықта 14 ғасырдың соңы мен 15 ғасырдың бас кезінде салынған сәулет өнері ескерткіші - Абат-Байтақ кесенесі орналасқан. Ол маңызы зор, барша қазақ халқына ортақ жәдігер болып саналады. (Ескерткіштер,құлпытастар,археологиялық қазбалар).
Бұлақ ауылында дүниеге келген Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімі, оның ерлігі бүкіл әлемге белгілі. Әлия ауылындағы «Әлия» облыстық патриоттық тәрбие беру орталығында республикалық деңгейдегі патриоттық іс-шаралар өткізіледі.
Ауданда Кеңес Одағының батырлары И.Білтабанов, А.Жанұзаков, М.Прохоров, М.Колесников, А.Терещенко, И.Пятковский, М.Кошелев дүниеге келген. Қобда жері батырларының есімі ұлы майданда ұран болған, бірінен бірі маңдайлы тұлғаларды туғызған.
Тәуелсіздік жылдарындағы аудан халқының атқарған істері айтарлықтай. Аудан экономикасы жаңа заманға сай қайта құрылып, даму үстінде.
Исатай Тайманұлы
Абат Байтақ кесенесі
Қобланды батыр бабамыздың мемориалдық кешені
Ауданның Кеңес Одағының батырлары