Ақтөбе облысының әкімі қазақтың Батыр қызы Әлия Молдағұлованың туған ауылында болды.

15 - маусым Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 95 жасқа толуына орай Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қаладағы Әлия музейінде болды. Музейді аралап, мұражай қорындағы 10 мыңға жуық экспонаттармен танысты. 1985 жылы ашылған музейдегі ең құнды экспонат қатарынан Батыр қыздың майданнан жазған хаттарын, Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені туралы Грамотасын көруге болады. Сонымен қатар, облыс басшысына ержүрек қызға арналып бой көтеретін жаңа музейдің жоспары таныстырылды. Ақтөбе қаласынан салынатын ғимарат демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылады. Қазір құжттарды әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Аймақ басшысы бұдан соң, жұмыс сапарымен Қобда ауданына барды. Бұлақ ауылының кіреберісіндегі ұзындығы 14,9 км болатын автомобиль жолының аяқталған жұмысын көрді. Жоба көліктік жүйенің дамуы мен экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қарастырылған. Құны 1 млрд 252,7 млн.тг. Қазіргі таңда Қобда ауданының аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 244,79 км құрайды, соның ішінде 24,19 км асфальт жабындысымен төселген. Өңір басшысы Бұлақ ауылындағы Әлия Молдағұлова атындағы саябақта батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Батыр қызды еске алуға келген жергілікті тұрғындармен кездесті. Тарихи тұлғаның рухына құран оқытылды. «Қазақтың ер жүрек қызы Әлия Молдағұлованың биыл 95 жылдығына орай үлкен ауқымды шараларды ұйымдастыру жоспарланған болатын. Өкінішке орай, әлемді шарпыған Covid19 індетінің етек алуына байланысты, аталған іс-шаралар өткізілмейтін болды. Дегенмен де, жас ұрпақ қайсар қыздың ерлігін мәңгі ұмытпақ емес»,-деді Оңдасын Оразалин. Облыс әкімі Қобда ауданының туристік маршрут схемасымен танысты. Аудан басшысының айтуынша туризмді дамыту үшін ұлттық құндылықтарды жаңғырту қажет. Ол үшін Бұлақ ауылынан тарихи музей ашу жоспарда. Сондай-ақ, жол бойында орналасқан шаруалармен бірлесе отырып, туристерге арналған экоферма қызмет түрін дамытуды қолға алмақ. Яғни, қонақтарға арналған киіз үйлер тігіледі. Туристерге ұлттық тағамдарды, ұлттық сусын түрлері ұсынылады. Өңір басшысы жоспарланған жобаға оң бағасын берді. Аудан басшысына тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асыру қажеттігін айтты. Облыс әкімі ІҚМ өсірумен айналысатын «Тамбай» шаруа қожалығында болды. 2011 жылы құрылған қожалықта 413 ІҚМ, 216 бас жылқы өсіріледі. Қымыз өндіріліп, оны ашыту, күбімен пісу жұмыстары толық автоматтандырылған. Шаруашылық жанында балық өсіру тоғаны бар. Және 200 көшет алма бағы отырғызылған. Биыл өнімнен мол табыс түссе, бау-бақша кәсібін одан әрі дамытпақ. Қазіргі уақытта шаруашылықта жергілікті 15 адам жұмыс істейді. Тұрғын үй, жатақхана, қонақ үй және мал базасы салынған. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, аудан әкімі Болат Куловқа жергілікті табиғаттың ерекшеліктерін пайдаланып, туризм саласын дамытуды, интернет желісінің сапасын жақсарту бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.