Табиғи ресурстар

Қобда ауданының географиясы, табиғаты және табиғи байлықтары
Қобда ауданы — Ақтөбе обл. солтүстік-батысында орналасқан. Ақтөбеден 110 км, жер көлемі 14,1 мың ш/км, обл. территория-ның 21% алып жатыр.
Ауд. көлемі солтүстіктен шығысқа қарай — 129,2км., батыстан шығысқа қарай — 132,5км. солтүстігінде Ресеймен, шығысында Алға, Мәртөк ауд., батысында Батыс Қазақстан обл., оңтүстігінде Темір, Ойыл ауд. шектеседі. Табиғи құбылыстар әсерінен климаты жер бедерін өзгеріске ұшыратқан. Географиялық орналасуы бойынша Батыс пен Шығысты, Еуропа мен Азияны байланыстырып жатыр. Классификациялық деңгейге сәйкес экологиялық жағдайы жер және су ресурстарын дұрыс пайдаланбау салдарынан өзгеріске ұшыраған ауыл шаруашылық ауданы есебіндегі екінші топқа жатады. Жартылай шөлейтті аймақтарында тұрғындар мал шаруашылығымен айналысады, өзен-көлдерге, тоғандарға жуық жерлер егіншілік үшін пайдаланылады.
Жер бедерінде жылғалардан аққан жауын-шашын суларының әсерінен кескіленген жыралар, су толған ойпаттар мен шұңқырлар бар. Топырақ қабаты тегіс емес. Жері шығыс және батыс бөлікке бөлініп, шығыста Орал шоқыларына, батыс бөлігінде Шығыс-Еуропа жазығымен ұштасады. Орал шоқылары биіктігі 100-150 м. аспайтын үлкен жайпақ жазыққа, Шығыс Еуропа жазығы оңтүстік тегістікке ұласады. Жылдың суық мезгілінде ылғалдың жиналуынан эрозияға ұшыраған топырақ қабаты айқын көрінеді. Геологиялық құрылысы және жер бедері аллювиалды ойпат болып есептеледі, полезой дәуірінде пайда болған. Батыс-Еуропаның шетінде орналасқан. Шөккен тұзды массивтердің топырақтың беткі қабатына шығып жатуы және жер бедерінің жырықтары геологиялық құрылысының Шығыс-Еуропа жазығына жататын көнелігін, ежелгі платформасын дәлелдейді. Рельефтің қалыптасуына әртүрлі трангрессиялық процестердің ықпалы тиген, су кейде тартылып қалса, кейде деңгейінен көтеріледі. Бұл полезой дәуіріне дейінгі кезеңге қатысты. Мезозой дәуірінде мұхит түбіне жауын-шашын тұнбасы жиналған. Дегенмен, тектоникалық қозғалыстардың байқаусыз болуынан бірде-бір ірі тау жүйесі түзілмеген. Осы күнгі рельефтің пайда болуына неогендік кезеңнің көтерілуі, антропогендік процесс пен мұзды кезеңдер ықпал етті. Жалпы алғанда осы ауданның аумағы ежелгі докембрия платформасының жауын-шашынды қабатында орналасқан. Теріс тектоникалық қозғалыстардың шоғырлану процесінен ауд. аумағының жазықты болып қалыптасуына Каспий теңізінің трансгрессиясы және регрессиясы әсерін тигізген. Жалпы, аудан аумағы көне құндақ платформа шөгінділеріне орналасқан. Тектоникасына сәйкес жекелеген учаскелері төрттік кезеңде қалыптасқан аудан аумағының көп бөлігі бор кезеңіне жатады. Жер бедері үстіртті адырлы, төбелі жазық. Шығыс және батыс бөлікке бөлінеді. Солтүстікте Елек шоқысы, батыста Қобыланды шоқысы және оңтүстікте Новоалексеевка ойпаңы бар. Новоалексеевка ойпаңында Жайық маңы мен Орал тауының оңтүстік бөлігіндегі эрозияның салдарынан тұзды шөгінділер пайда болған. Оның тереңдігі солтүстік–шығыстан оңтүстік–батысқа қарай 2,0км., оңтүстік бөлігінде 7,0 – 8,0 км. Адамның табиғатқа әсерінен аудан аумағындағы тың жерлердің игерілуі, мал азығы үшін шабындық алқаптардың пайдаланылуы «жабайы» келбетін көп өзгертті. Сондықтан, қазіргі рельефі антропогендік процестер әсерінен түзілген.
Тұзды қабаттың ауысуы уфа-қазан үйінділерінің блоктық құрылымын қалыптастырған. Блоктық құрылымдар тұзды қабаттың жылжып, бағытын өзгертіп отыруына байланысты ассиметриялы болып келеді. Тұздармен жанасу ықпалынан жер бедерінің тұтасып жатқан бөлігі көтеріңкі болып, гравитациялық күштер әсер еткен қарама-қарсы бөліктері батып жатады. Осы процестер ықпалымен ассиметриялы төбелер арасында бос жерлер пайда болып, тұз шөккен құрылымдар қалыптасқан. Тұзды қабаттың орын ауыстырып отыру салдарынан уфа-қазан ұңғымасының терригенді-тұзды блоктары бос жерлерді алып жатыр. Блоктар аяқталған тұста жайылма зоналар қалыптасып, шетінде тұздың шөккен аймақтары байқалады. Зоналар мұнайды тұзасты шөгінділерден тұзүсті шөгінділерге ауыстыру үшін пайдалануға қолайлы.
Қазанның үстіңгі және астыңғы қабаттарының терригенді қалыңдықтары жер бедерін тегістеп, блокаралық бос жерлерді толтырып отырған. Қазан тұзы тартылған тұзды шөгінділердің екінші бір генерациясы татар кезеңінде байқалады. Қазан ұңғымасында шөккен тұз бос жерлерде тармақ түзіп, күнгір төбелердің ортайған зонасына еніп жатыр.
Триас дәуірінде тұзды төбелердің ұлғаюы жалғасқан. Күңгір тұзды күмбездердің жағалауға таяу жерлерінде төменгі татар шөгінділерімен бірдей көтерілген ұзын қиғаш бұрыш қалыптасқан.
Көне тарихи болжамдар бойынша миллиондаған жылдар бұрын аудан мұхит асты болған. Трангрессия кезеңінде өзен арналары суға толып, Орал тауларының етегіндегі борлы үстіртті шайып өтіп, теңізге құйған. Бірте-бірте кейін шегінген теңізді қуалаған өзен арналары күрт құрғаған климаттың әсерінен тартылып, шөлейтті аймақтағы құмды шөгінділерді жарып өтуге әлсіз болып қала берді. Ежелгі Каспийге құйған өзендер атырабында құмды массивтер пайда болған. Орал-Ембі құмдарын зерттеушілер осы жерлерде 3 мың жыл бұрын мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі тайпалардың тұрғанын, олардың өзен жайылмасын, орманды алқаптарды мекендегенін анықтады. Органикалық пайдалы қазбалардан Қосөткел, Жарсай, Жарық елді мекендерінің аумағында шикі күйде сақталған тас, қоңыр көмір бар. Өзен сулары кальций қосындысынан тұратын шөгінділер мен қабыршақтарды жағалауға шайып тастаған. Пайдалы қазбалардың ерекше көп шөккен түрі борды электрондық микроскоппен қарағанда мұхит бассейніне жататын организмдердің көптүрлілігі байқалды. Оның ішінде алтын түстес балдырдың өте ұсақ қалқанша әгі, планктон организмдердің түрі, шыңылтыр түсті балықтар, су шаяндары, су бүргелері және т.б. айқын көрінген. Бор цемент пен шыны және резеңке өндірісінде пайдаланылады. Ауданның пайдалы қазбаларға өте бай екені дәлелденгенімен, органикалық пайдалы қазбалардың бәріне бірдей геологиялық барлау жүргізілген жоқ. Табылған бор, саз балшықтың қызыл, сары, ақ түрлері, құм, құрылысқа пайдалануға лайық тастар шөккен пайдалы қазбалар қатарынан орын алғанымен, тау жынысы болып табылады.
Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі Ащықара а. аумағынан тас көмірдің, мұнайдың шикі қорларының, ауд. орталығынан 18 км. қашық Ақсай а. аумағында минералды су қорының табылғанын анықтаған. Аудан аумағы жер ресурстарымен толық қамтылған, бірақ жерді пайдалану қаупі жоғары зонада орналасқандықтан, агротехникалық шараларды талап етеді. Егіндік алқаптар мен жайылымдар ауа-райының ықпалымен көктемгі-жазғы кезеңде келбетін бірнеше мәрте өзгертеді.
Аудан аумағының жамылғысы тұз қабатты тектоника. Қалың шөккен қабаттарындағы пластик тұздар жоғары қабаттағы шөккен тұздардың әсерінен сығымдалып, сыртқы тұрқы күмбез тектес массивтерді құрап жатады. Тұз күмбездер маңынан мұнай мен газдың бай қорлары байқалған.
Топырақ қабаты өсімдік жапырақтар мен бұталары, жануарлар мен жәндіктер өлекселерінен, бактериялар мен микробтардан түзілген. Солтүстіктен оңтүстікке ж/ә батыстан шығысқа қарай өсімдік және топырақ жамылғысы жер бедерінің өзгерісіне ықпал етеді. Сортаң жерлер өсімдік жамылғысына аса бай емес. Территориясы топырақ жамылғысының түріне қарай екіге бөлінеді: қаратопырақты ж/ә қоңыр каштан. Оңтүстік аймақ — қаратопырақты. Өзендер бойы — қоңыр каштан аймақ. Кейбір аумақтарда қызыл каштан және ақшыл каштан топырақ түзілген. Қара каштан топырақ өзендердің су жайылған алқабының үстіңгі террассасының бойында түзілген. Плакорлы жерлердің топырағы — каштан және ақшыл каштан. Ауд. солтүстік-шығыс беткейінде фосфорлы қаратопырақ аз мөлшерде кездеседі. Қара топырақты қабатының (гумус) көлденең қалыңдығы 40-60 см., механикалық құрамы — саздақ. Оңтүстік карбонатты қаратопырақтың сары-күлгін карбонатты саз балшық түрі көп таралған. Топырақтың беткі қабаты жарылып кеткен, қара топырақ (гумус) қабатының көлденең қалыңдығы 60-70 см., оның жоғары қабаты — 4-5%. Топырақ құрамы тыңайтқыштарға аса бай емес, ылғалы тез кебеді. Жоғарғы қабаты өте құрғақ, жарылып кетеді. Оңтүстік бөлікте карбонатты каштан топырақ кездеседі. Сортаң көзге айқын көрінетін дақтар және қатпарлар түрінде кездеседі. Көл жағалаулары мен өзен террасаларында бірте-бірте ортайған. Осындай агроклиматтық ресурстар әсерінен ауыл шаруашылығында қар тоқтату және қар жинау жұмыстары жүргізіледі. Егін себу науқанын бастарда топырақтың температурасына маңыз беріледі. Табиғат жағдайы тың жерлерді игеруге, мал шаруашылығына қолайлы. Соңғы жылдары қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайлар территорияларды шаруашылық мақсатта пайдалану стратегиясының өзгеруіне әкеліп соқты. Дала зонасындағы өзен аңғарларының табиғи қорларына, оның ішінде өсімдік жамылғысына антропогендік ықпал бірнеше есе өсті. Қазір қорғалуға тиіс өсімдіктерінің, жануарларының, экожүйелерінің, табиғи объектілерінің тізімін жасау қажеттігі туындап отыр. Эталондық экожүйелер, эндемизм орталықтары, түрлі өсімдіктер мен жануарлар, реликт, сирек кездесетін және құрып бара жатқан түрлер қорғауға алынуы тиіс.
Дала зонасының ландшафтысы қуаңшылыққа жиі ұрынады. Климат қуаңдығы солтүстіктен оңтүстікке және батыстан шығысқа қарай күшейе түседі.
Қобда ауданының жерінің аумағына және орографиялық ерекшеліктеріне байланысты климаттық жағдайы солтүстігінен оңтүстігіне қарай өзгеріп отырады. Солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатуына байланысты далалық зонадан шөлдік зона климатына дейін ауытқу байқалады. Климатына тән басты ерекшелік — оның ылғалды ауа келетін Атлант мұхитынан қашық жатуы. Бұл жағдай аудан климатының құрғақ континентті, ауа-райының күрт өзгеруіне себепші болады. Климатты қалыптастыруда радиациялық факторларының ролі ерекше. Жер көлемінің кеңдігіне байланысты айлық радиацияның мөлшері негізінен ендік зоналық бойынша таралады. Солтүстік пен оңтүстікке қарай 1 шаршы см-ге 110 ккал — 130 ккал-ға дейін артады. Кейде бір ендіктің батыс және шығыс бөліктерінде күн радиациясы ағынының әлсіреуінен бұл заңдылық өзгереді. Көп жылғы зерттеуі бойынша орташа жылдық күн радиациясы 17 мр/сағ., орташа жылдық гаммафондық радиация 14 мр/сағ. Қыс маусымында 70-80%, шөлейт зонада — 50-70%, жазда 16-18%. Вегетативті кезең 175 тәулік. Құрғақ күрт континентті климат радиациялық жағдайды қалыптастырады. Күннің тура радиациясының түсуі — 154-158 ккал/см, ол жазғы маусымда жылу қуатын 15-20 градус С. ұлғайтады. Жазда ауа температурасы желсіз тынық кезде +33 градус С. және желдің жылдамдығы 5 м/сек. болған кезде +36 градус С. құрайды. Мамыр айынан қыркүйек айының алғашқы он күнінде ауа температурасы + 43 градус С. Аязсыз маусым 170 күнге, қысының ұзақтығы 190 күнге созылады. Қаңтардағы орташа температура – 21 градус С., ең төменгі температура –40 градус С. 1994 ж. ақпанда –45 градус С. Аяз, 1992ж., 1998 ж. шілде мен тамызда көлеңкеде +45 градус С. ыстық болған.
Аудан аумағының үстінде қалыптасушы барика-циркуляциялық жағдай радиациялық элементтермен байланысты. Қыстың суық кезеңінде Азия-антициклонының батыс тармағына байланысты анықталады. Қыста антициклондық режим үстемдік етеді. Циркуляциялық циклондық ерекшеліктерінің күшеюінен, яғни атмосфералық шептің өту жиілігінің артуынан жоғарғы қысым өзгеріп отырады. Кейде ауаның тәуліктік температурасы 20 градусқа дейін ауытқып, қыста атмосфералық шептен ажыраған термиялық депрессия қалыптасады. Депрессия шілде-тамыз аралығында жиі байқалады, жауын-шашынсыз ашық, ыстық ауа-райының қалыптасуына себепші болады. Жазда Иранның, Орта Азияның шөл далаларынан соғатын тропикалық қызған ауа массалары, солтүстіктен Арктикалық ауа массалары үстемдік етеді. Ауа температурасы тұрақсыз, көктем кеш келіп, күз ерте түседі, үздіксіз аңызақ жел соғып тұрады. Желдің күштілігі халық шаруашылығының қажеттіліктерін өтеуге қолайлы. Артезеон скважиналарының әсерінен су деңгейі көтеріледі, электр энергиясын алуға болады. Жауын–шашынның үлесі 37%, оның аздығынан 2-3 жылда бір рет құрғақшылық болады. Қар жамылғысы 3–3,5 ай жатады, оның орташа биіктігі 30-35см. Шөл және жартылай шөлейтті аймақтар қар жамылғысының жұқалығымен, ылғалдың булануымен, климаттың құрғақтығымен ерекшеленеді. Ылғалдың жылдық мөлшері 233-291мм. Ауданның территориясында 2 түрлі табиғат зонасы қалыптасқан. Әртүрлі климатты, қара топырақ түрі, жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі, жауын-шашынның түсуінің әсері далалық және құрғақ далалық шөлейтті зоналар болып бөлінеді. Далалық зона солтүстік бөлігін алып жатыр. Батыстан шығысқа қарай созылыңқы орналасқан. Жылдың 4 мезгілі айқын көрінеді. Климаты құрғақ континетті.
Қыста батыстан соққан жел қарлы боранға ұласады. Жазда солтүстік-шығыстан соққан ыстық жел ылғалды тез буландырып, топырақтың жоғарғы қабатын кептіреді. Желдің орташа жылдық жылдамдығы 3,6–3,9 м/сек. құрайды, қыста және ерте көктемде ол 4,5–4,8 м/сек. артады. Қуаңшылық жылдары желдің соғу жылдамдығы солтүстік–батыс, солтүстік, солтүстік–шығыс бағытта 10 м/сек. Бора жел (таудан соғатын үскірік жел) мен Мұғалжар желі оңтүстік–шығыстан жиі соғады. 1921, 1931, 1933, 1946, 1955, 1975, 1985, 1998 ж.ж. қатты қуаңшылық болған. 1948 ж. 11 қаңтарда су тасыған. Ауа райын бақылаушы станция 1936 ж. қыркүйекте орнатылған.
Мұхиттан алыстығы мен аумағының солтүстіктен оңтүстікке созылыңқы орналасуы климаттық шарттарына әсер етеді. Орташа климаттық баяу ендікте тұрса да, ауа-райы жылдам өзгереді. Солтүстікте қаңтар айындағы ауа температурасы 16 градус болса, шілдеде 23 градусты көрсетеді. Осыған байланысты ауаның ылғалдылығы солтүстікте — 64%, оңтүстікте — 45%. салқын ауа массаларынан және Арктиканың, Сібірдің антициклондарының әсерінен қыстың күндері жылылық байқалса, жазда керісінше салқын күндер болады.
Аудан территориясы Каспий бассейніне жатады. Бірақ, гидроресурстарға, жер үсті суларына аса бай емес, жаз айларында өзендер көлшік болып кеуіп қалады. Ішкі суларынан Сабынкөл, Жиренкөл, Құзбақ, Қарасу, Тұманшы, Тентекқара, Ащықара, Сөгәлі, Қоғалы, Қарағанды, Елек, Қарғалы, Бабатай, Батпақты, Сарықобда, Қиыл, Ұлықобда, Балақобда сияқты 13 өзені, 20 көлі бар. Қуағаш, Сауқайын, Тамды өзендері уақытша суағарлар болып табылады. Ауд. аумағындағы су ресурстары агроөнеркәсіптік кешеннің қажеттілігіне және жергілікті пункттерді сумен жабдықтауда, өндірісте, т.б. пайдаланылады. Құрлықтың орталық бөлігінде орналасқандықтан және климаты құрғақ болғандықтан су тапшы. Өзен жүйесі тегіс емес. Шөлденумен күресудің Ұлттық жоспарының мәліметтері (1996) бойынша Қазақстан аумағының 66% түрлі дәрежеде деградация процесіне, яғни қуаңдануға ұшыраған. Оның қатарына Қобда ауданының аумағы да кіреді. Қобда өзені және оның барлық салалары адамдар іс-әрекеттерінің нәтижесінде әбден трансформацияланған далалық аймақта жатыр. Қазір қар сулары деңгейінің төмен түсу, топырақтың құрғауы мен сортаңдануы, шалғындық өсімдіктер құрылымының деградациясы (агроботаникалық құрамының нашарлауы, өнімділігінің азаюы, шабындықтардың жайылымдарға ауысуы) және биологиялық алуан түрліліктің азып-тозуы жүруде. Өзен ағысының шектелуіне байланысты барлық жерлерде шалғындық өсімдіктер деградацияланып, шалғындар біртіндеп жойылуда. Экожүйелердің антропогендік трансформациясы барлық жерлерде факторлар комплексімен және одан туындайтын процестермен анықталған. Қобда өзені аңғарының флорасы мал жайылымдарын ұйымдастырудың, шөп шабудың және жол салудың әсерінен деградацияға ұшыраған. Экожүйелердегі антропогендік трансформация сатыларының бірізділігі және барлық гидроморфтық экожүйелердегі өсімдік жамылғысы трансформациясының негізінде Қобда өзені аңғарындағы арам шөптің 133 түрі анықталған. Қазақстандағы дала зоналары мен шөлейтті зоналарда климаттық жағдайына байланысты экожүйелер трансфоромациясы әр түрлі жүреді. Оның ішінде трансформацияланған флораның бірнеше түрін бөліп қарауға болады: урбанофлора, агрофитоценоздар флорасы, техногендік экотоптар флорасы, экотоптардың жұтаңдаған флорасы.
Осы классификация бойынша, Қобда өзен аңғарының флорасы елеулі өзгеріске ұшыраған агрофитоценоздық флора типіне жатады. Өзен бойындағы барлық елді мекендердің өзен суын бау-бақшаға және мал шаруашылық мақсатқа пайдалануы флораны елеулі өзгеріске ұшыратты. Қобда өзені аңғары флорасына жасалынған талдаулар флораның шөлдену мен антропогендік трансформацияға белгілі бір деңгейде ұшарағанын растайды. Бұл спектрлер — ботаникалық-географиялық заңдылықтарға қайшы келетін күрделі жағымсыз процестердің айғағы.
Географиялық талдау Қобда өзені аңғары флорасының әлі де интрозоналдық сипаты бар екенін көрсетеді. Алайды, оны көрсететін басым бореалдық топтың 1/3 бөлігін арам шөп түрлері құрайды. Бұл барлық орман, орманды-шалғын кең көлемде антропогендік қыспаққа ұшарып отырғанының дәлелі. Ылғалды-шалғынды, шалғынды, шалғынды-орман комплекстері азайып жойылып, оңтүстік шөлдік элементтер артып, аудан аумағында шөлдену процесі жүріп жатыр.
Ұлықобда — ең үлкен өзен. Ұзындығы 225 км., су жайылған алқабы — 14700 шаршы км., өзен жайылмасының ені 1,5-тен 5 км-ге дейін жетеді. Жағасының биіктік деңгейі — 2-5 м. Оң жақ тармағы — Қарақобда мен Терісаққан, сол жақ тармағы — Сарықобда мен Батпақты. Әр қайсысының ұзындығы 10 км. болатын 38 тармағы бар. Суағарының жалпы ұзындығы — 976 км., оның ішінде тұрақты суағар – 351 км., уақытша суағар ұзындығы – 625 км. Оның Батпақты, Сауқайың, Қайыңды, Қиыл, Терісаққан, Қарағанды сияқты тармақтары бар. Елек-Ембі бассеиніне жатады. Басын Көксай ауылының солтүстік-шығыс бағытында 5 км. қашықтықта Қарағантау мен Қарамола түбіндегі бұлақ көздерінен алып, Қобыланды маңынан 20 км. Елекке құяды. Електің сол жақ сағасы болып табылады. Ұзындығы 138 км. Қарақобда мен ұзындығы 200 км. Сарықобда өзендерінің тоғысқан тұсынан бастау алады. Оңтүстік шығыстан солтүстік шығысқа қарай ағып жатыр. Арнасының 75-95% көктемде қар суымен және жауын-шашынмен толығады. Наурыздың үшінші онкүндігінде арнасынан тасып, 3-4 күнде тартылып қалады. Балық ресурстарына бай, қазір 18 түрі бар: шырмауық балық, голавль, густера, таутан, ақмарқа, тұқы, мөңке, колюшки, табан, лақа, қара балық, сазан, шортан, жайын, көксерке, алабұға, торта, теңге балық, өзен шаяны, азусыз балық.
Соңғы жылдары өзен суы суармалы егістікке пайдалану тәртібін бұзылғандықтан, артық ысыраптағанның салдарынан тартылып қалды. Суармалы егісті бақылау мақсатында жаз айларында су деңгейін реттеу үшін Қобдадан 18 км. қашықтықта шлюз салынған. Дегенмен, өзен деңгейі жыл өткен сайын ортайып барады. Құм шөккен террасасында 0,8 – 0,9 г/л құрғақ қалдығы бар тұщы су; орта және төменгі ағыстарда құрғақ қалдықтың гидрокарбонат құрамы 3,5 г/л дейін, ара-тұра сульфат–натрий, кейде хлорид–магний құрамы байқалады.
Қарақобда — Ақтөбе обл. Алға, Қобда ауд. аумағындағы өзен. Жайық алқабына жатады. Ұзындығы — 138 км., су жайылған алқабы — 2610 шаршы км., Қарағантаудың шығысындағы бұлақтардан бастау алып, Бұлақ ауылының тұсында Ұлықобдаға құяды. Аңғары кең, арнасы тік жар, 18 тармағы бар. Ұлықобдаға құятын тұста жылдық орташа шығыны — 1,95 куб. м/с. Суармалы егістікке, жағалауы шабындық ретінде пайдаланылады.
Балақобда Ресейдің Орынбор обл. оңтүстігі мен Қобда ауд. аумағымен ағып өтеді. Ұзындығы — 116 км., су жайылған алқабы — 1240 шаршы км. Басын Сабындыкөл биіктігінің бұлақтарынан алады, Ұлықобдаға құяды. Көктемде суы тұщы, суармалы егістікке пайдаланылады. Қар суларымен толығып, жаз айларында тартылып қалады. Суының орташа жылдық шығыны 0.44 куб. м/с.
Жайық алқабына жататын Терісаққан өзені Терісаққан ауылының солтүстігінде 18 км. жерде. Ұзындығы — 63 км., ені — 20-25 км., су жайылған алқабы — 900 шаршы км. Басын Сабындыкөлдің батысындағы бұлақ көздерінен алып, Қосөткел ауылының тұсында Ұлықобдаға құяды. Көктемде деңгейінен көтеріліп, жазда тартылып, ұсақ қара суларға бөлініп кетеді. Орташа жылдық су шығыны Жаңаталап ауылы тұсында 0,49 куб. м/с.
Ешкіқырған өзені кейде ел аузында Ешқырған, Итқырған болып аталады. Ұзындығы — 66 км., Шаңғырау бор массивтерінен басталып, Қоғалы ауылының тұсында Ұлықобдаға құяды. Жағалауы жазық, арнасы құмды, тастақ. Жер асты сулары мен жауын-шашын арқылы толығады. Көктемде арнасынан шығып тасиды, жазда иірім-иірім қара суларға бөлініп кетеді. Қарашаның басында қатқан мұз наурыздың аяғында ериді.
Бабатай өзенінің ұзындығы — 59 км., су жайылған алқабы — 856 шаршы км., 28 саласы бар. Әбді биіктігінің шығыс беткейінен басталып, Ойыл өзеніне құяды. Жауын-шашын мен жерасты суларының есебінен толығады.
Батпақты — Ойыл алқабындағы өзен. Ұзындығы — 51 км., су жайылған алқабы — 912 шаршы км., Калиновка ауылының батысындағы жазықтан басталып, Жеткіншек ауылынан 15 км. жоғары Қиыл өзеніне құяды. Жағалауы жазық, арнасына құм шөккен. Әрқайсысының ұзындығы 10 км. болатын 73 саласы бар.
Қиыл — Қобда, Ойыл аудандарына ортақ өзен. Ұзындығы — 193 км., су жайылған алқабы — 4720 шаршы км., Қоңызтау биіктігінен басталатын Аққұдықсай, Қоғырсай өзендерінен бастау алады. Саралжын ауылының батысында Ойылға құяды. Аңғары кең, жағасы тік жар. Жайылымы шабындыққа пайдаланылады, суы балық түрлеріне бай.
Қарағанды өзенінің ұзындығы — 48 км., Веселый елді мекенінің маңында Қарағанды биіктігінен басын алып, Новоселый тұсында Қиылға құяды. Аңғары 0,2-2км., арнасының биіктігі кейде 1-2м. Су шығыны көктемде — 2,22 куб. м/с. болып, жазда 0,24 куб. м/с. азаяды. Суармалы егіске пайдаланылады.
Терісаққан ауылының аумағындағы Сабынкөл көлінің құрамы еріген органикалық заттарға бай, суы жұмсақ. Тұрғындар суын тұрмыста пайдаланады.
Ауд. аумағы бойынша ағып өтетін өзендердің барлығы жазықты өзендерге жатады. Өзендер көктемде еріген қар суларынан толығып отырады. Өзен тармақтарының көпшілігі жаз айларында тартылып қалады. Ауд. орталығы территориясындағы жер асты суларының ауданы 30 кв/м., тереңдігі 25 м-ден 50 м-ге дейін. Суы тұщы, құрамы минералды тұздардың аздығымен ерекшеленеді. Тұрғындар тұщы су алу үшін құдықтар қазып алады. Жазда барлық өзендер жерасты сулары негізінде толықса, ал көктемгі су тасқыны кезінде керісінше жерасты су қорлары молаяды. Жерасты сулары негізінен көктемгі қар және жауын-шашынның жиналуынан және булануы есебінен толығады. Көктемде су қабатының деңгейі өзен деңгейінен төмендейді, яғни осы кезеңде жерасты сулары өзен суымен, ал маусым айынан бастап өзен келесі су тасқынына дейін аллювиалды қабат суымен толығады.
Ауд. аумағы өсімдік түрлеріне өте бай. Солтүстік бөлігі (Ресеймен шекарада) қайың мен көк терек өсетін орманды дала зонасы. Даланың өзіне тән өсімдіктерінің кең таралғандарынан жусан, изен, мысық құйрық, сүттіген, боз, киікоты, итмұрын, сасық меңдуана, шашыратқы, дәрілік түймедақ, меруетгүл бар. Өзен аңғарында өсімдіктердің 81 тұқымдасының 292 туысына жататын 625 түрі тіркелген. Шаруашылыққа пайдаланатын бағалы өсімдіктердің 8 түрі бар, оның ішінде жем-шөптік өсімдіктің 164 түрі, техникалық дақылдар — 127, дәрілік өсімдіктер — 108, омарталық өсімдіктер — 33, дәруменді шөптер — 26, азық болатындарының түрі — 33, улылары — 59, сәндік өсімдіктердің 36 түрі кездеседі. Медицинада ресми мақұлданған дәрілік шөптердің 42 түрі бар. Өзен-көлдер бойында шоқ талдар, қалың тал, сұлама бидайық, қылтанақсыз арпабас, шабындық жалбыз, көктемгі адонис, үлкен жолжелкен, пижма, шайқурай, валерьян өседі. Жабысқақ қандыағаш, жанаргүл, ақ тұңғиық, шырмауық, ебелек, ши, қызылтамыр, қарақат, қойбүлдірген, жидек кездеседі. Жыра аңғарларында чилиж жусаны өсіп шығады, жерасты сулары таяз орналасқан жерлерде ши қопасы өседі. Құрғақ далалық аймақтарда көбінесе бетеге, жусан, ақселеу, көкпек, изень, бидайық тұқымдас шөптер, бурачок, шренк қызғалдағы өседі. Ауд. аумағында Қазақстан мен ТМД елдерінің “Қызыл кітабына” енгізілген ақтұңғиық, еркек қырыққұлақ, шренк қызғалдағы, қатпарлы гладиолус кездеседі. Борщов қызғалдағы, берік сүттіген, шаттауық, ақ жусан, селеу, бөтеге, көкпек, қымыздық, жалбыз, долана, аңдыз, адраспан және т.б. өсімдіктер өседі.
Ауд. орталығынан оңтүстік бағытқа қарай 65 км., Сарбұлақ а. о. аумағына қарасты Ащысай өзені бойында 91 гектар Шоқпар тоғайы «Табиғи ескерткіш» ретінде Ақт. обл. әкімінің 26.12.1995 ж. №130 өкімімен қорғауға алынды. Қобда ауд. әкімінің 12.03.1996 ж. тоғайды қорғау туралы өкімі шықты. Осы өкімге қосымша қорғауды керек ететін өсімдіктер тізімі берілді: парнасшөп, қара аңдыз, аққайың, көктерек, ошаған, қоңыраубас, құлмақ, шөңкіш, күреңот, ит шомырт, ішдәрі, шеңгел, күлтелі кекіре, еркек усасыр, сальвиния, сарытұңғиық, ақтұңғиық, киікоты, шайқурай, қатпарлы гладиолус, түйетікен, шегіршін, шытыр.
1966 жылы құрылған Қобда орман шаруашылығы осы уақытқа дейін қосымша қарағаш, үйеңкі, ақ үйеңкі, жидек еккен. Жалаңмия, құртжапырақ, зиягүл, кәдімгі түймешетен, орыс гүлкекіресі, кенеп шөп, жусанқамыс, тұқымдық салаубас егістік, қуаңдәрі, шеңгел, қызылтаспа, жолжелкен, иттамыр, қояншөп, қияқ, бетеге, қоға, сиыр жоңышқа, еркекшөп кездеседі. Тоғай аймағында шағын бұлақтар, үш терең көл мен Ойылға құятын Бабатай өзені бойында биіктігі 30 метр ақ қайың, терек, көктерек, дала шиесі өседі. Аңдардан қасқыр, қабан, түлкі, қоян, бұғы, саршұнақ, қарақұйрық, құстардан көкқұтан, безгелдек, бірқазан, әупілдек, шағала, бозторғай, жалғабай, қызыл жемсау, бұра кездеседі. Шоқпар табиғи қорығы — мұз дәуіріне дейінгі кезеңнен сақталған ормандар түріне жататындығымен ерекшеленеді. Ондай ормандар Батыс Қазақстанда — 13, Қобда ауданында — 4: Сарбұлақта, Қиылда, Терісаққанда, Жаңаталапта.
Көкүй орманы ауд. солтүстік батысында, Елек өзенінің сол жақ бетінде Ресеймен шекарадағы Сөгәлі ауылдық округіне қарасты аумақта орналасқан. 2000 га аймақты алып жатыр. Сиреген өсімдіктерден бидайық, иттабан, сүттіген, дәрілік шөптерден шайшөп, түймедақ, жалбыз, өгейшөп, аңдыз, жолжелкен, уыт, мыңжапырақ, шайқурай, итмұрын, долана, торын бұталары, ағаштардан жөке, шегіршін, терек, қандыағаш, үйеңкі, көктерек, қайың кездеседі. Орманшылар қарағаш, ақ үйеңкі, жидек түрлерін еккен. Жануарлар әлемі өте бай. Үлкен, кіші, түнгі тышқан, қоян, қасқыр, түлкі, қарсақ, марал, құндыз, қабан, аламан, күзен кең таралған. Киік азайып бара жатқан аң түріне жатады. Безгелдек, дуадақ, жабайы үйрек, дала бүркіті, тоқылдақ, бозторғай, қарақұс кездеседі.
Бесқопа мен Жиренқопа аумағында тұрғындар аңшылық құрып, балық аулайды. “Бесқопа” қорығы обл. орталығынан 100км. қашық, Ұлықобда өзенінің шығыс бөлігінде, Көксай мен Жамантоғайдың арасында орналасқан. Жалпы ауданы — 10 мың гектар. Шөбі шүйгін аумақта мал қыс айларында да жайылады. Қар сулары мен жазғы жауын-шашын жерінің ылғалын сақтайды. Көктемде қар суына толған су қоймалары арнасынан асып, 10 шақты күн су тасиды. Суы тұщы. Мамыр айынан бастап су қоймалары кеуіп, су деңгейі 0,5-5 м. жетеді. Қарашада су қатады, мұздың қалыңдығы — 0,8-1 м. Аңдардан қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, қабан, елік, қоян бар. Жабайы үйрек-қаз, құладын, дала құладын, дала жапалағы, сұр қаз, барылдауық үйрек, бізқұйрық, свиязь, бізтұмсық, чертень, шырылдауық шүрегей құс, ысқырғыш құс, сұр үйрек, үлкен ақ тырна, үлкен крондшнеп, үлкен веретенник, қызғыш, шағала қонады. Далалық алқабында безгелдек, сұр шіл, қарға мен сауысқан кездеседі. Балықтары: шортан, жайын, сазан, мөңке, табан, торта, қарабалық, лақа, подуст. Тұрғындар балық аулаумен әуестенеді.
“Жиренқопа” қорығы ауданның солтүстік-батыс бөлігінде, Ресейдің Орынбор обл. шекарасында орналасқан. Обл. орталығынан 150 км. қашық. Аумағы — 120 мың гектар. Аумағында Ұлықобда, Тентекқара өзендері, 7 мың га. Жиренкөл және 300 га. Қырғыз көлдері бар. Ұлықобда өзенінің сағасы осы тұста шағын су қоймаларына бөлінген. Көктемде су тасығанда арнасы толады. Жабайы құстар мекендеген. Бұғы, елік, қабан, қызыл түлкі, қарсақ, борсық, қоян және құстардан сұр қаз, тырна үйрек, көгершін, сұр шіл бар. Тоғаны жайын, шортан, көксерке, алабұға, лақа, сазан, тұқы, табан, аққайран, қара балық, мөңке, торта сияқты балық түрлерімен бай. Далалықтан ТМД “Қызыл” кітабына енгізілген дуадақ пен безгелдекті кездестіруге болады.
Ауданның “Қызыл” кітабына жойылып кету қаупі бар өсімдіктер, құстар, аңдар тізімі енгізілген: сұр тырна, ақбас тырна, бұйра бірқазан, бүркіт, огарь, саджа, дуадақ, безгелдек, махаон, ұйқы шөп, шренка қызғалдағы, беберштенто қызғалдағы, шетен, қандыағаш.
Жануарлар әлемі алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Бұлан, елік, қабан, түлкі, қасқыр, сайғақ киік, қарсақ, қоян, күзен мекендейді. Өзендер мен көлдер шортан, көксерке, жайын, алабұға, табан балық, сазан сияқты балық түрлеріне бай. Қазақстанның “Қызыл кітабына” бұлан, елік, суыр, саршұнақ, түлкі, борсық, қарсақ, күзен, тырна, аққұйрықты суқарақұс, дуадақ, безгелдек және т.б. енгізілген. Ормандары: Шоқпар, Сөгәлі тоғайы, Бесқопа қорығы, Құлакөл, Кезбақ. Тоғайларда негізінен ақ қайың, көктерек талдары, қарақат, қойбүлдірген, жидек өседі. Емдік қасиеті бар шөптер: аңдыз, адыраспан, кермек жусан, киікоты, итмұрын, сасық мендуана, шашыратқы, түймедақ. Жиі кездесетін көп жылдық кермек жусанның биіктігі 1,5 м., шар тәрізденіп төмен қарай иіліп өседі. Шілде, тамыз айларында гүлдейді.
Адамдардың араласуымен табиғи ортадағы жасыл желек саны артты. Ағаш көшеттері отырғызылды. Қорықтарда адам қолымен егілген қарақат, қара бүлдірген, шие сияқты жеміс ағаштары соңғы жылдары құрып кетудің алдында тұр. Сондықтан, оларды төнген қауіп-қатерден қорғау мақсатында мемлекет қарауына алынды. Қазір мүлдем жоғалып кеткен жабайы аң түрлері мен өсімдіктер бар.
Құрылысына қарай құрғақ далалық зонасы мал шаруашылығына қолайлы деуге болады. Құрғақ даланың өзен жағалаулары өсімдік түрлеріне өте бай. Мысалы, Құрсай, Сарбұлақ аумағында оазис тәрізді суды айнала өскен қайыңды сай бар.
Өзен аңғарының флористикалық құрамын толықтыруға 18 географиялық элемент қатысады. Геоэлементтер 4 ареалдар тобына біріктіріледі: плюрирегионалдық, бореалдық (кеңаралдық), понтикалық және ежелгі жерортатеңіздік.
Батыс Қазақстандағы Қобда өзен аңғары биологиялық алуан түрлілігі бай ірі табиғи жүйе. Осы бай генофондты зерттеу тарихы Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысында жүргізілген ботаникалық зерттеулер тарихымен бірге қарастырылады. Аймақтың өсімдіктер жамылғысы туралы алғашқы жалпы және қысқа деректерді 1748 жылы Батыс Қазақстанда зерттеу жұмыстарын жүргізген П.И.Рычковтың (1762) еңбегінен табуға болады. XVIII ғ. Екінші жартысында бұл өңірде П.С.Паллас (1788) және И.И.Лепехиннің (1795) академиялық экспедициялары болып, кең көлемді зерттеулер жүргізген. Өсімдіктер жамылғысына қысқаша сипаттама берген. XIX ғ. Э.А.Эверсман (1840), И.Г.Борщов (1857), Ч.Штормберг (1890) жүргізген зерттеу жұмыстары өзен аңғарын кеңірек қамтыған. XX ғ. Флора мен өсімдіктер дүниесін зерттеу ісіне Н.Тихонович (1905), В.М.Савич (1906), И.Николаев (1910), А.Ф.Гонтарев (1913), И.М.Крашенников (1925), М.М.Ильин (1926) елеулі үлес қосқан. 1963-1964 ж.ж. Батыс Қазақстан флорасы мен өсімдіктерін зерттеу барысында аудан аумағында В.В.Иванов, Е.А.Ағелеуов және А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының қызметкерлері болып, ботаникалық коллекция жинаған. Қобда өзені бойында жүргізілген соңғы ботаникалық жұмыстардың ішінен Г.М. Молдашеваның (1969, 1974) Ұлықобда өзенінің сулы-жағалаулы өсімдіктерін зерттеу жұмысы бар. Қобда өзені аңғарына 1994 жылдан осы уақытқа дейін 7 экспедиция зерттеу жүргізіп, 200 дана гербарий жинақталған.
Қарағанды, Қаратау, Қараадыр, Бестау, Бесоба, Тасқаралтөбе, Әбді, Төбетейтау, Қоратау, Ескіақсай биіктіктері бар. Ауд. Ақырап ауылынан 15км. Шыңғырау, Қиыл ауылынан 13 км. Үйтас, Жантыстау, Жарық а.о. қарасты аумақта Ақшат борлы массивтерімен ерекшеленеді.
Өсімдіктері және топырағы. Қобда ауданының солтүстіктен оңтүстік құрылымының және батыстан шығысқа қарай ендеуі өсімдік және топырақ көптүрлігіне ықпал етті. Қобда ауданы далалық және құрғақ далалы (жартылай шөл) аймақта орналасқан.
Далалық зона ауданның солтүстік бөлігін алып, батыстан шығысқа қарай
созылған. Құрғақ дала (жартылай шөл) зонасы ауданның қалған бөлігін алып
жатыр. Аудан территориясы топырақ жамылғысының түріне қарай екі зонаға
бөлінеді: қаратопырақты және қоңыр-каштан.
Қаратопырақты зонада қаратопырақты оңтүстік аймағы оңашаланады. Қара-каштанды топырақ өзендердің жайылма үсті террассасы бойында түзілген. Плакорлы жерлерде каштан және ақшыл-каштан топырақ түзілген. Өлкенің өсімдік жамылғысы алуан шөпті-дәнді өсімдіктер, ақ селеу-бетегелі, боз бетегелі, ақ жусанды-бетегелі, жусанды өсімдіктермен берілген.
Ауданның солтүстік бөлігінде, яғни Ресей федерациямен шекарада қайыңды-көк теректі бау кездеседі. Өзен және көлдер жайылмасы бойында шоқ талдар, қалың тал, сұлама бидайық, қылтанақсыз арпабас, шабындық жалбызы, көктемгі адонис, үлкен жолжелкен, солмас гүлді өсімдігі, пижма, шай қурай, валерьяна және т.б. өседі. Жыра, аңғарларда чилиж жусаны өсіп шығады, жер асты сулары таяз орналасқан жерлерде ши қопасы өседі. Құрғақ даланың өсімдіктері далалы жерлердегі өсімдіктер тәрізді сан түрлі емес. Көбінесе бетеге, ақселеу, көкпек, изень, бидайық тұқымдас шөп, бурачок, Шренк қызғалдағы өседі.
1996 жылы Шоқпар орманы «Тірі табиғат ескерткіші» ретінде қорғауға алынды.
Аудан территориясында Қазақстан мен ТМД елдерінің Қызыл Кітабына енгізілген ақ Кубышка, еркек Қырыққұлақ, батпақты белозор, Шренк қызғалдағы және т.б кездеседі.
Жануарлар әлемі
Қобда ауданы аумағында аулауға жататын дала және кәсіптік құстар түрі және сүтқоректі жануарлар (бұлан, елік, қабан, түлкі, қарсақ, қоян, күзен) мекендейді. Өзендер мен көлдер шортан, көксерке, жайын, алабұға, табан балық, сазан, сазан тұқымдас кішкене балық және т.б. балық түрлеріне бай.
Қазақстанның «Қызыл кітабына» бұлан, елік, күз суыры, саршұнақ, түлкі, борсық, қарсақ, күзен, тырна, аққұйрықты суқарақұс, дуадақ, безгелдек және т.б. енгізілген.
Құстардың келу, қайту маусымында аудан территориясында жыл құстарының сан алуан түрі тоқтайды.